Жуырда аудан орталығының Елім-ай көшесінде орналасқан су қоймасы жағалауынан жаңа аллея тұрғындар қолданысына ресми түрде табысталмақ. Қордайлықтар үшін тамаша демалыс орны болуға әбден лайықты деп бағалай беруге де болады.
Аталмыш аллея рухани демалыс алуға септігін тигезері анық. Айта кету керек, жобаның тапсырыс берушісі Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты болса, мердігерлік мекеме аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны.
Аллеяның айналасы сәнделіп, маңайына қиыршық тас төселіп, жарықтандыру тіректері орнатылған. Сондай-ақ, мұнда қырыққа жуық шырша және отыздың үстінде «катальпа» сәндік ағаш көшеттері отырғызылып, айналасын көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмаған.
Сонымен қатар, Қордайда заманауи коньки-трек және теннис алаңы бар көпфункционалды алаң салынуда. Бұл жоба таза ауада белсенді демалу және спортпен айналысу үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді, бұл әсіресе жастар мен салауатты өмір салтын ұнататындар үшін маңызды.
Қордай ауылының орталығында орналасқан «Емен саябағын» қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде тротуар тақталары ауыстырылды, жақын арада мұнда жаңа субұрқақ пен жаңартылған жасыл алаңдар пайда болады. Саябақ барлық заманауи талаптарға сай болып, демалу мен кездесулер өткізуге ыңғайлы және тартымды орынға айналады.
Бұл инфрақұрылымдық жобалар ауданның өмір сүру жағдайларын жақсартуға және барлық жастағы тұрғындар үшін қолайлы ортаны құруға деген ұмтылысын растайды.