ЖАҢА ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданы Ауқатты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

Жаңа заманауи нысан «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген.

Құрылысын мердігер «Тараз-Ісмер» ЖШС жүргізген кешеннің жобалық құны 351,7 млн. теңгені құраған.

Салтанатты шарада облыс әкімі ауылдықтарды қуанышымен құттықтап, Жамбыл спортының жоғары мәртебесіне тоқталды.

— Халқымыздың шынайы серігіне айналған спорт – бүгінде үлкен мемлекеттік қолдауға ие. Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,7 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жетті. Өңірімізде спорт саласын дамыту үшін биыл жалпы 13,3 млрд. теңге қаралған. Жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне берілуде.

Өңірде спортпен айналысамын деген әрбір азаматқа қолайлы жағдай жасалуда. Өткен жылы облыста 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 23 спорт нысаны мен 38 спорт алаңшасының құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Заманауи спорт кешендері бар шалғай ауылдардың да қатары артып келеді,-деді Нұржан Нұржігітов.

Ауқатты ауылының ардагері Әділбай Семжанов ауқаттылықтардың атынан ризашылығын жеткізіп, лебізін білдірді.

Бұдан соң қонақтар мен тұрғындар жаңа кешенді аралап, танысты. Мұнда ауылдықтар спорттың 10-ға жуық түрімен айналысатын болады.   Айта кетейік, жалпы аудан бойынша бүгінде 351 спорттық нысандар жұмыс істеуде. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданындағы жұмыс сапары барысында Қарасу ауылындағы мәдениет үйінің қызметімен танысты.

90 орындық нысан жақында ғана пайдалануға берілген. Заманауи жаңа ғимаратта бірқатар үйірмелер ашылып, тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде.

— Біздің мақсатымыз — балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына жағдай жасау. Осындай ауылды жердегі мәдениет, спорт нысандарында түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, олардың сапалы әрі тұрақты жұмыс істегені маңызды, -деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң аймақ басшысы Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысын көрді.Үш негізгі блоктан тұратын нысан құрылысын мердігер «ТемирСтройСервис» ЖШС жүргізуде.

Жаңа мектеп ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Облыс әкімі жауаптыларға құрылыстың сапасын айрықша бақылауда ұстауды, мердігерге белгіленген мерзімінде аяқтау үшін жұмысшылар санын арттыруды тапсырды.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов жолай жергілікті шаруалардың пияз алқабымен танысты. Бүгінде пияз жинау жұмысын бастап кеткен шаруалар әр гектарынан 70 тоннаға дейін өнім алуда. Алқап басынан пияздың келісін 40 теңгеден өткеруде.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.