Жаңа Конституция: сарапшылар сенім архитектурасы мен Қазақстанның болашақ даму бағытын талқылады

0

Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Алаң жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және оның саяси жүйе мен азаматтардың құқықтарына ықпалын кәсіби деңгейде ашық талқылауға мүмкіндік берді.

Платформа жұмысына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. «Менің ойымша, жаңа Конституция мүдделер тепе-теңдігін бұрынғыдан да айқынырақ бекітуге, қоғамның жаңа сұранысы мен талап-тілегін дәлірек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – шектен шықпай, парасатты теңгерімді сақтай отырып, салиқалы саясаттың қисынын бекіте түсетін қадам деп нық сеніммен айта аламыз», — деді ол.

Пікірталасқа спикер ретінде Әділет министрі Ерлан Сарсембаев, саясаттанушы Марат Шибұтов, Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Никита Шаталов, Ерлан Саиров, Снежана Имашева және Үнзила Шапақ, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ университеті басқарма төрағасы Талғат Нарікбаев, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Садуақасова, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова және сарапшылық қауымдастықтың өзге де өкілдері қатысты.

Үш панельдік сессия барысында қатысушылар саяси трансформация мәселелерін, қоғамдық қатысудың жаңа тетіктерін, билік тармақтары арасындағы институционалдық тепе-теңдікті және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту жолдарын талқылады. Сарапшылар пікірталасы кәсіби қауымдастықтың елдің Негізгі заңының болашағына қатысты талқылауға жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.