Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету болып табылады. Сол себепті ауданда халықты сапалы медициналық көмекпен қамту ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір айғағы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ауданда тағы бір емдеу мекемесі қолданысқа берілді. Ол – Беріктас ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт.
Қақпатас ауылдық округіне қарасты Беріктас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты 1971 жылы салынған. Тозығы жеткен нысанның жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылып, жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданған болатын. Аудандық орталық ауруханадан 50 шақырым жерде орналасқан Беріктас ауылының тұрғындарына бұл нысан ауадай қажет болғаны шындық. Міне, енді жақсы жаңалық – су жаңа ғимарат бой көтеріп, халық игілігіне тапсырылды. Жобаның сметалық құны 68 миллион теңгеден асады, бас мердігер «Өрге баста» ЖШС нысанды толық аяқтады. Ғимаратта тексеру кабинеті, емдеу бөлмесі, егу бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі, дәрі-дәрмек сақтайтын бөлме, тазалау құралдарын сақтайтын бөлме, жуынатын бөлме біріктірілген фельдшерлік кабинет бар.
Ашылу салтанатына аудан басшылығы, аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков, ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты іс-шарада құттықтау сөздері айтылып, медициналық нысанның лентасы қиылды. Содан кейін жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішімен танысып шықты.
Фельдшерлік пунктерге санитарлық-гигиеналық, эпидемияға қарсы, профилактикалық іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ, дәрігерге дейінгі, жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету функциялары жүктелген. Халықтың жекелеген топтарын медициналық тексеруден өткізу және иммундау жұмыстарын ұйымдастыруда фельдшерлік қызметке маңызды рөл жүкте-летінін айта кеткен жөн.