Жадыралы жаз айлары да зымырап өте шықты. Күз келісімен, алғашқы күні көптеген балалар мен ата-аналар үшін жаңа кезең басталады. Ертең бүкіл еліміздегі тәрізді аудандағы барлық білім беру мекемелерінде алғашқы қоңырау соғылады.
Мыңдаған балалар мен жеткіншектер үшін бұл кезекті оқу жылының басы болса, мектеп табалдырығын алғашқы рет аттайтын балақайлар үшін 1 қыркүйек ерекше есте қалатыны рас. Сонымен, биылғы жаңа оқу жылында аудан бойынша барлығы 2878 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады. Оның ішінде 1984 оқушы 48 мемлекеттік мектепке, ал 894 оқушы 20 жекеменшік мектептің табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам баспақ. Олардың қатарында суретте тұрған Сәлсәбиль Дуйсебай №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда және Артем Натальченко «БілімАкадемия» атты жеке мектепте білім алатын болады.
Айта кету керек, аудандық барлық білім беру мекемелері жаңа оқу жылына толықтай дайындықтан өткен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.