ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖАҢА ҚАДАМ

0

Жаңа 2023-2024 жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Өткен жылды сәтті өткізген Қордай ауданының білім бөлімі, биылғы жаңа оқу жылын да ойдағыдай өткізуге дайын.  Қазіргі таңда 3235 оқушыны 1-сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 2228  оқушы қазақ сыныбына, 1007 оқушы орыс сыныбына. Оқушыларды оқулықпен, киіммен қамту және өзге де білім саласына қатысты маңызды мәселелер турасында айта кеткенді жөн санадық.

Оқулықтармен қамтамасыз ету

 

ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 маусымдағы №264 бұйрығына сәйкес 2023-2024 оқу жылында оқушыларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамту мақсатына 209 млн 360 мың 500  теңге бөлінді. Оның ішінде 76 млн 155 мың теңге 0-1 сынып дәптерлерін, 15 млн теңге көркем әдебиеттер, 94 млн 481 мың 500 теңге 1-11 сыныптарға қосымша оқулықтар сатып алуға, 7 млн 064 мың теңге 2 сыныпқа (бейнелеу, информатика, еңбекке баулу электронды нұсқаулығы) 9 млн 740 мың теңге 1 сыныпқа информатика оқулықтарын алуға қарастырылып отыр. Бүгінгі күнге оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды сатып салуға баспалармен келісім-шарттар құрылып, 30% көлемінде қаражат аударылып, тасымалдануда. Оқулықтарды баспалардан тасымалдаушы мердігер «ТОО Ard pro», келісім-шарт құны 800 мың теңге.

 

Мектеп формасы,

тегін тамақ

Аз қамтылған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7580 оқушыға мектеп формасын, оқуға арналған құрал-жабдықтар алуға облыстық және республикалық бюджеттен 307 млн 397 мың 460 теңге бөлініп, 1 балаға – 40567 теңгеден ата-аналарының (заңды өкілдерінің) дербес шоттарына  аударылуда және де осы балалар мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Одан бөлек, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 350-400 балаға қаржылай көмек көрсету жоспарлануда. Бүгінгі таңда 47 балаға демеушілер есебінен 1100000 теңге көлемінде көмек көрсетілді.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастау алған аудандағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы аясында балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында аудандағы мекемелер мен жауапты тұлғалар бекітіліп, тізім бойынша «Отбасы банкінде» 107 баланың барлығына арнайы есеп шоттар ашылды. Бүгінгі күні ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 3 млн. 800 мың теңгеден астам қаражат аударды. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсайтын болады.

Жаңа 2023-2024 оқу жылының жағымды жаңалығы — бастауыш сыныпта оқитын барлық оқушылар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылатын болады.

 

Қауіпсіздік

Ауданымыздағы 34 мектептің (екінші және үшінші топқа жататын мектептер) бейнебақылау жүйесін аудандық және облыстық полиция департаменттерінің кезекші бөлімдеріне қосу және интеграциялау жұмыстарына 2023 жылы облыстық бюджет есебінен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілді. Нәтижесінде 34 мектепке 16 данадан сандық бейнебақылау камералары орнатылатын болады және осы мектептердің ішіндегі үлкен мектептердің 4 данадан және шағын мектептердің 3 дана бейнебақылау камералары аудандық полиция бөліміне интеграцияланады. Қазіргі таңда мердігер 24 мектепке сандық бейнебақылау камераларын орнатты. Жұмыстың аяқталуы мерзімі 20 тамызға дейін.

Сонымен қатар, 34 мектепке дабыл түймелері орнатылды, олар үстіміздегі жылдың 1-қыркүйегінен бастап қызметін атқаратын болады. 34 мектепке қорғалған жеке IP VPN желісіне қосылу жұмыстары жүргізілуде, 1-қыркүйектен бастап қызметін атқаратын болады. 23 мектепке кіруді бақылау және басқару жүйесін (турникеттер) орнатуға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда. Мамандандырылған күзет қызметтері жаңа оқу жылынан басталады, яғни 2023 жылдың 1 қыркүйегінен.

Аудандағы 4 мемлекеттік балабақшаға бейнебақылау жүйелерін аудандық полиция бөліміне қосу және интеграциялау, мамандандырылған күзет қызметтерімен қамтамасыз ету, дабыл түймелерін полиция бөліміне қосу жұмыстары жүргізілді. 15 мемлекеттік балабақшаларға (бірінші топқа жататын) құлақтандыру жүйелері орнатылды.

 

Күрделі жөндеу жұмыстары

№2 М.Ломоносов атындағы орта мектебінде күрделі жөндеу жүмыстары жүргізілуде. Сметалық құны 305 млн 379 мың теңге. Жобалаушы «Бакыт таңы», жобамен қарастырылған жұмыстар: ағаш еденді ауыстыру, есік-терезе ауыстыру, 100 пайыз электр жүйелерін жаңарту, толығымен шатыр жабылымдарын жаңарту, сыртқы келбетін әрлеу, сыртқы қабырғаларын жылылау, кіре беріс жерді өзгерту, су, кәріз жүйелерін ауыстыру, өртке қарсы шаралар жасау және тағыда басқа жұмыстар.

Бас мердігер «СИГРОСТ» ЖШС. Жұмыстар ағымдағы жылдың 25 тамызында аяқталады деп жоспарлануда. Қаржыландыру «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен  іске асырылуда.

 

Жылыту маусымына дайындық

Білім беру мекемелерінде барлығы 65 жылу қазандықтары бар, оның ішінде: 48 мектептерде 17 балабақшаларда орналасқан. 26 нысан газбен жылытылады.

Ағымды жылы Бетқайнар ауылындағы №27 орта мектебінің жылу қазандығын табиғи газға ауыстыру жүргізілуде,

2019 жылдың 04 сәуірдегі Қордай ауданы әкімінің №154 қаулысына сәйкес, «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің білім  бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі теңгеріміндегі 49 мектептердегі қазандық ғимараттары мүлкімен қоса «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміне берілді. Осыған орай, аудан мектептерінің қазандықтарына қажетті отын қорына, коммуналдық қызметтеріне, автоматикасына қызмет көрсетуіне, есептегіштер және манометрлерін тексеру жүргізуіне, от жағушылар мен газ операторларының оқуына, қазандықтарды техникалық куәландырудан өткізуге бюджетті жоспарлайтын және құжаттарды топтайтын Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны.

Ал ауданымыздың балабақшаларына қажетті 1045 тонна қатты отынға 23 млн. 276 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылып, шілде-тамыз айларында конкурс жарияланды, қыркүйек айында толығымен қатты отын жеткізілетін болады.

Жамбыл ауылындағы №26 Ж.Жабаев атындағы орта мектептің жер астымен келетін жылыту жүйесіне жөндеу жұмыстарын білім бөлімінің мамандары жүргізіп, мектепке көрсетілген демеушілердің көмегімен құбырлары жөнделді.

 

Жазғы демалыс

бойынша

Балалардың жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыру барысында жалпы 1250 бала ауыл сыртындағы «Балауса» сауықтыру лагеріне қамтылды.

Одан бөлек, аудандағы 47 мектептің жанындағы лагерьлер  ағымдағы жылдың 5-30 маусым аралығында екі ағымда жұмыс жүргізді. Мектеп жанындағы лагерьге жалпы 15379 бала қамтылып, демалыс алаңдарында 30 млн 028 мың 500 теңгеге 6673 балаға  ыстық тамақ ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қордай ауданының білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде 2023 жылдың 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізілді.     Бала еңбегінің ең нашар түрлері проблемалары және балаларды сатудың алдын алу бойынша плакаттар, үндеу хаттар ата-аналар жиналыстарында  таратылды.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, ата-ана қауымы қатыстырылған, мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдерімен бірлесе «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» атты кең ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізіліп, жасөспірімдерді жұмысқа қамтуға болмайтындығы туралы ескертілді, «Адам саудасын, балаларды жыныстық, еңбек қанауына тартуды алдын алу» бойынша оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

 

Санат Әшірбеков,

Жамбыл облысы әкімдігінің

білім басқармасы Қордай ауданының

білім бөлімінің басшысы         

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.