Жуырда Қордай ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Жеке кәсіпкер Нұрлан Тәжиевтің демеушілігімен бой көтерген бұл заманауи нысан ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен кәсіби деңгейде айналысуына зор мүмкіндік бермек.
Аталған кешенде еркін күрес пен таэквондодан бөлек, балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын түрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Атап айтқанда, вокал, би, сурет, актерлік шеберлік, тіпті компьютерлік графика сынды бағыттарда үйірмелер ашылып, жас жеткіншектердің жан-жақты дамуына жағдай жасалған.
Спорт нысанының салтанатты ашылу рәсіміне Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев қатысып, жылы лебізін білдірді. Құрметті қонақтар қатарында ауданның спорт ардагері Мықтыбек Алтыбаев пен осы игі істің демеушісі Нұрлан Тәжиев болып, спорт кешенінің лентасын қиды.
2023 жылы құрылысы басталған бұл кешен қазіргі заман талабына сай барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда жас спортшыларды тәжірибелі бапкерлер дайындайды. Еркін күрестен – Марат Оспанов, таэквондодан – Талғат Мағзымбетов. Қазірдің өзінде еркін күрес үйірмесіне 100-ден астам бала, таэквондоға 45 ұл-қыз қатысып, тұрақты түрде жаттығып жүр.
Ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашқан бұл спорт кешенінен ертеңгі чемпиондар мен сахна саңлақтары өсіп шығатынына сеніміміз кәміл.