ЖАҢА ЗАҢ – ОТБАСЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

0

2024 жылғы 15 сәуір күні Мемлекет басшысы отбасы институтын, балалар мен әйелдерді қорғауға бағытталған заңдарға қол қойды.

Түзетулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысып, түрлі алаңдарда алдын ала кеңінен талқыланған мәселелердің нәтижесі бойынша әзірленді.

Заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді.

Біріншіден, бұл заң отбасын қорғауға бағытталған.

Атап айтқанда, «Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету туралы толықтырулар енгізілді. Балаларды адамгершілік және рухани тұрғыда тәрбиелеу ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу рухында жүргізілуі тиіс. Жаңа Заңда басқа да түзетулер бар, бірақ дәл осы ережелер стратегиялық мемлекеттік бағдар береді деп санаймын.

Ал, жаңадан қабылданған Заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір – шындыққа жанаспайды. Сондықтан аталған мәселе бойынша кез келген балама пайымдаулар негізсіз, ешқандай күмән жоқ, Қазақстан – тек дәстүрлі ұлттық отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын сақтауға қолдау көрсетеді.

Екіншіден, жаңа заң балаларымызды педофилдерден қорғайды. Бәлкім, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық туралы хабарламалар жиілеп кеткең соң барша қауымды дүрліктірген, көптен күттірген шара шығар. Енді педофилдер өмір бойы түрмеге тоғытылады.

Кәмелетке толмаған балалар сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды.

Педофилдің баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа дейінгі балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 105-бабы Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу, өзiн-өзiне қол жұмсауға итермелеу немесе өзiн-өзiне қол жұмсауға көмектесу деп өзгеріп, бұрын кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекеттер – үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделсе, өзгерістен кейін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар, қылмыстық кодексте жаңа құрам суицидті насихаттағаны үшін жауапкерлік енгізілді, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал үгіт-насихат өзiн-өзiне қол жұмсауға оқталуға әкелсе 1 жыл бас бостандығынан айыру, өзiн-өзiне қол жұмсауға алып келсе 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Бұл шара өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын көптеген сайттарды, арналарды, чаттарды заң жүзінде бұғаттап қана қоймай, олардың ұйымдастырушылары мен сыбайластарын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға мүмкіндік береді.

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Яғни, кәмелетке толмаған баланы жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін ескерту не 10 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Сонымен бірге, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 16 жасқа дейінгі баланы автобустан немесе басқа да қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Баланы автобустан мәжбүрлі түрде түсіріп жіберсе, ол бала жаяу жүремін деп адасып кетуі, не басқа да қауіптерге душар болуы мүмкін. Сондықтан баланың қауіпсіздігі үшін осындай шаралар енгізілді.

Үшіншіден, тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды.

Бұрын ұрып соққаны үшін әкімшілік жаза, ескерту не 10 тәулікке қамауға алу қолданылатын. Енді ұрып соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік 25  тәулікке қамауға алу, 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 80 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген.

Денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін бұрын әкімшілік жаза ескерту жасауға немесе 15 тәулікке  қамауға алу қолданылатын. Енді бұл қылмыстық жауапкершілікке ауысты, 50  тәулікке қамауға алу, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 200 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген.

Сонымен қатар, жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.

Сонымен қатар, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығын құру, әр ауданда Отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы нормалар да бекітілді.

Бұл шаралар отбасы беріктілігін арттыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Берікбол БАЙХОЖАЕВ, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі

Leave A Reply

Your email address will not be published.