5 қараша күні мемлекет үшін маңызды алты заңға қол қойылғаны белгілі. Сол құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы. Айта кетейік, бұл ел тарихындағы прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң.
Осыған орай сәрсенбі күні Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаров жиын өткізіп, прокуратура органдары қызметкерлерінің құзыретін кеңейту мақсатында қабылданған жаңа құжаттың басты ерекшеліктерін түсіндіріп өтті. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, құқық қорғау орган өкілдері және ауыл әкімдері қатысты.
Аудан прокуроры 18 қарашадан бастап күшіне енген заңның қолдану аясына егжей-тегжейлі тоқталып, ондағы негізгі өзгерістерді атады. «Жаңа заңға сәйкес біріншіден, прокуратура органдарымен қаралатын өтініш тізімдері кеңейтілді. Өтініштерді қандай мәселелер бойынша қарайтыны заңда нақты көрсетілген. Екіншіден, Бас прокурорға Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы берілген. Бұл ерекше мүмкіндік екенін атап өткеніміз жөн. Себебі, Конституциялық Сотқа жеке азаматтарды қоспағанда, кез келген мемлекеттік орган жүгіне алмайды. «Конституциялық сот туралы» Заңға сәйкес, Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ғана берілген. Үшіншіден, енді прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен тікелей айналысады», — деген Бірлік Қуатбекұлы бұдан бөлек, қабылданған құжат бойынша прокуратураға кәсіпкерлік субьектілерін тексеру құқығы берілгендігі, прокурорлар нұсқау бере алатын жағдайлардың тізбесі кеңейтілгендігі, прокурордың қандай жағдайда қаулы шығара алатындығы, және олардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктері артқаны турасында айтып өтті.
Ал жиын барысында сөз алған Қордай аудандық сотының төрағасы Ерлан Ілиясов өз саласына қатысты шешілмей жатқан бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, ол бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді. Осыдан кейін аудан прокуроры жиынды қорытындылап, қабылданған жаңа заңның алдағы уақытта еліміздің тұтастығын сақтау және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау жолында атқаратын рөлі ерекше болатынына сенім білдірді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ