Жақында Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға барлық ауылдық округтердің ардагерлер кеңесінің төрағалары мен төрайымдары, аудандық пошта қызметінің өкілі және Президиум мүшелері қатысты.
Отырысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Әбдікерімұлы ашып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен таныстырды.
Күн тәртібінде бірнеше маңызды тақырыптар қаралды. Алдымен, 2026 жылдың І жартыжылдығына арналған баспасөзге жазылу науқанының ұйымдастырылу барысы талқыланды. Бұл бағытта ауылдық округтерде ардагерлердің белсенді қатысуымен түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды.
Келесі кезекте жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы тыңдалып, аудандық және ауылдық деңгейдегі бастамалардың нәтижелері сарапқа салынды. Ардагерлер кеңесінің әлеуметтік және рухани бағыттағы еңбектері, жастармен жұмыс, патриоттық тәрбие беру ісіндегі үлесі атап өтілді.
Сонымен қатар, кадрлық өзгерістерге байланысты аудандық «Билер кеңесінің» жаңа төрағасы тағайындалды.
Жиында тағы бір маңызды мәселе — Ұлы Отан соғысынан оралған жауынгерлерге арналған обелиск орнату бастамасы қаралды. Ардагерлер бұл бастаманы бірауыздан қолдап, ескерткіш орнату жұмыстарының нақты жоспарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізді.
Бұдан бөлек, қатысушыларға 2025 жылғы 13 қарашада өтетін «Ұлттық болмыс және жаңғыру: дәстүр мен тәрбие сабақтастығы» атты аудандық форум туралы ақпарат берілді. Форум аясында той мәдениеті, ұлттық музыка мен дәстүрлі өнерді насихаттау, сондай-ақ шулы әуендерден арылып, рухани терең мазмұндағы өнерге басымдық беру мәселелері талқыланатыны айтылды. Форум қорытындысы бойынша үндеу қабылдау жоспарлануда.
Отырыс соңында ардагерлер қауымы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Әбдікерімұлын мемлекет басшысы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуымен құттықтады.
Ардагерлер төрағаның еңбегін жоғары бағалап, ел игілігі жолындағы табысты қызметіне сәттілік тіледі.
Қордай аудандық ардагерлер кеңесі