Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан бүгінде қоғам мен мемлекеттің барлық күш-жігері балаларды қорғауға, тәрбиелеуге және дамытуға бағытталуы тиіс. Осы басымдықтар арасында сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау қазіргі таңдағы басым бағыттар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым білім беруді елдің ертеңіне арналған стратегиялық инвестиция деп бірнеше рет атап өткен болатын. Мәселен, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ол 2023-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бастаған болатын. Жоба еліміздің барлық аймақтарында 800 мың оқушыға арналған 401 заманауи мектеп салуды көздейді. Жалпы инвестиция көлемі – 2,6 триллион теңге.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – әсіресе қарқынды өсіп келе жатқан аймақтарда мектептердегі орындарының жетіспеушілігін жою ғана емес, сондай-ақ отандық білім беру жүйесі үшін жаңа стандарт қалыптастыру.
Жоба Қордай ауданына да қатысты болып отыр. Бүгінгі таңда Қарасу және Қаракемер ауылдарында 300 орындық екі заманауи оқу орнының құрылысы қарқынды жүруде. Жақын арада осы елді мекендердің балалары кең, жарық және қауіпсіз мектептерде оқиды, олар барлық қазіргі заманғы талаптарға сай болады деп күтілеуде.
Ал, жақында ауданға жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров құрылыс жайымен танысып, жұмыс қарқынын бағалап, аудандық атқарушы орган қызметкерлерімен бірқатар маңызды мәселелерді талқылаған болатын. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов сапар барысында «Жайлы мектеп» жобасының іске асуы үш ауысымды білім беру мен шағын мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Жаңа мектептер тек ғимараттар ғана емес, олар білім, шығармашылық және қауіпсіз дамудың орталықтарына айналуы тиіс. Барлық мектептер бірегей сәулет және технологиялық стандарт бойынша салынатын болады. Мұнда бастауыш және орта буын сыныптарына арналған жеке блоктар, бөлек санитарлық тораптар, спортзалдар, жаратылыстану-ғылыми және техникалық пәндер кабинеттері, оның ішінде робототехника кабинеттері болады. Мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі, ал оқушылардың қауіпсіздігі бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен қорғалады.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, құрылыс мерзімдерін және сапасын сақтау – басты міндет, себебі ең маңыздысы – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі.
Шолпан САБАНОВА