ЖАЙЫЛЫМ ТАПШЫЛЫҒЫ: МӘСЕЛЕ РЕТТЕЛІП КЕЛЕДІ

0

Елордада жер саласындағы заңдылықты сақтау, сондай-ақ медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері жөнінде алқа отырысы өтті. Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен алқа жұмысына Мәжіліс депутаттары, ауыл шаруашылығы, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің басшылары және басқа да мүдделі мамандар қатысты.
Б.Асылов жиын барысында биыл прокурорлардың мұрындық болуымен мемлекетке қолданылмаған 1,5 млн га жер қайтарылғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қолға алынған іс-шаралардың арқасында қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 29 млн гектардан 8 млн гектарға дейін қысқартылған. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында 11 мың үлескерге 500 мың га астам жер қайтарылды.
Тексерулер кезінде олигополиялардың қолдануындағы ең жақсы және құнарлы ауылшаруашылық жерлерін, жайылымдар мен коммерциялық учаскелер анықталып, олардан мемлекет пайдасына 145 мың гектар жер тәркіленген.
Тексеру қорытындысы бойынша 56 қылмыстық іс қозғалып, 9 кінәлі адам сотталды. Сондай-ақ Шымкент, Ақмола, Атырау, Алматы және Түркістан облыстары әкімдіктерінің Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бойынша басқармаларының лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жеке жер пайдаланушыларына қатысты 56 қылмыстық іс қозғалды.
Бүгінгі күні қылмыс жасаған 9 адам сотталды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 800 үлескерлердің жер телімдерін асыра пайдаланып, алаяқтық жасаған кәсіпорын басшысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алқа отырысында Берік Асылов уәкілетті органдардың жайылым жерлерін оң басқарудың, ірі жер телімдердің бір қолға шоғырлануына жол бермеу және үлестік жерлерге бақылауды күшейтудің, оның ішінде кез келген заңсыз схемаларды болдырмау жұмысының маңыздылығына назар аударып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты іс-шаралар жоспарын дайындау арқылы заң бұзушылықтарды жою туралы талаптар қойылды.
Жиында талқыланған екінші мәселе бойынша «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» қызметі тексерісінің нәтижелері талқыланды.
Прокурорлық тексеріс кезінде бюджет қаражатын жымқыру және жоғары бағамен сапасыз медициналық техниканы сатып алу фактілері анықталған. Мәселен, Ақтөбе облысындағы медициналық орталық жылжымалы шұғыл медициналық көмек кешенін (жедел жәрдем) кедендік құнынан 4 есе артық бағамен сатып алған. Нарықтық бағасы 16,6 млн теңге болса, орталыққа 72,9 млн теңге жұмсалған.
Осыған ұқсас заңсыздықтар Алматы қаласында, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, БҚО, Жамбыл және Павлодар облыстарында да анықталып отыр. Тексеріс нәтижелері бойынша прокуратура заң бұзушылықтарын жою туралы 208 ұсыным енгізіп, 405 адам тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қадағалау ведомствосының басшысы медициналық бұйымдарға бағаны қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмау қажеттігін атап өтті.
Жиынға қатысушылар кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдау процесін автоматтандыру, медициналық бұйымдарды сараптау тетігін қайта қарау, медициналық жабдықтарды қадағалау жүйесін енгізуді ұсынды.
Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас прокурор облыс прокурорларына мемлекетке келтірілген залалды өтеуге қол жеткізуді, сондай-ақ жымқыру мен билікті асыра пайдаланған адамдар үшін қылмыстық жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бану ӘДІЛЖАН

ЕЛІМІЗДІҢ ҚОРҒАНЫС ӨНЕРКӘСІБІН
ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Отандық қорғаныс өнеркәсібі: жағдайы, проблемалары мен ұсыныстары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты – отандық әскери-өнеркәсіп кешенін дамыту екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында армияны жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Ол үшін қазіргі заманағы технологиялар трансферті мен өндірісті ықшам шоғырландыруды ескере отырып, әскери-өнеркәсіп кешенін дамыту шараларын қабылдау қажет. Осыған байланысты бүгінгі іс-шара аясында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жай-күйі туралы өзекті әрі шынайы ақпарат алуды және осы саладағы негізгі проблемаларды анықтау мен жан-жақты талқылауды, сондай-ақ белгіленген мәселелерді шешу жолдарын ұсынуды жоспарлап отырмыз», деді сенатор.
Отырысқа қатысушылар мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында құқық қорғау органдарының қажеттіліктерін ескере отырып, еліміздің әскери-өнеркәсіп кешенін кластерлік дамыту мәселелерін, сондай-ақ азаматтарға арналған өнімдер шығаруды, оларды қаржыландыру және салаға қосымша инвестиция тартуды, қорғаныс кәсіпорындарындағы қалыптасқан проблемаларды шешу келешегін де талқылады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед аталған мәселелер мен сенаторлардың ұсынымдары заң шығару процесі аясында ескерілетінін және депутаттар оларды жұмыс бабында пайдаланатынын атап өтті.
Дөңгелек үстелге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Ержан Мырзабаев, Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері де қатысты.

Динар КЕРІМ

БАСТЫ МӘСЕЛЕ — БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ
Сенбі күні Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша баға жағдайына әсер етудің негізгі факторлары және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Кеңесте делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының нәтижелеріне баса назар аударылды. Өткен аптада электрондық шот-фактураларды талдау қорытындысы бойынша Сауда комитеті анықтағандай, тауық жұмыртқаларын делдалдар арқылы өткізу кезінде заңнамада белгіленген үстемеақы асырылған. Атап айтқанда, Қарағанды облысында «Агрофирма Курма» ЖШС бірінші санаттағы жұмыртқаларды Қарағанды, Жамбыл, Ұлытау облыстарының кәсіпорындарына өткізген, ал олар 21-ден 45% дейінгі сауда үстемесімен өнімді қайта сатқан. Сауда үстемесі 45% болатын жұмыртқаны сатып алушылар қатарында Қарағанды нан комбинаты бар. Барлық материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін өңірлердің әкімдіктеріне берілді.
Желтоқсан айының басынан бастап Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жұмыртқа өндірушілерге бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимыл белгілері бойынша 14 хабарлама жіберді. Бүгінгі таңда Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының, Астана қаласының құс фабрикалары бағаны 7-10% төмендету жолымен 7 хабарламаны орындады.
Монополиялық жоғары бағалар мен баға келісімін белгілеу белгілері бойынша Қостанай, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында құс фабрикаларына қатысты 7 тергеу басталды.
Кеңесте Сауда және интеграция министрлігі жасаған бағаларды тежеу жөніндегі жұмыстың тиімділігі бөлігінде әкімдіктер рейтингінің аралық қорытындысы айтылды. Әкімдіктердің жұмысы бірнеше көрсеткіш бойынша бағаланады, оның ішінде, азық-түлік инфляциясы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының апталық және жалпы жылдық өсуі, «айналым схемасы» бойынша нысаналы индикаторға қол жеткізу, жәрмеңкелер өткізу, қант зауыттарын қаржыландыру, сауда үстемесінің асып кету фактілерін анықтау бойынша жұмыс. Бұл рейтингте Ақмола және Ұлытау өңірлері соңғы орындарда.
«Тауардың делдалдар арқылы жоғары үстемемен сұр схемалар бойынша өтуі – бұл мемлекеттік бақылаудың жоғалуының нәтижесі. Бұл қазіргі шындық, бүгінгі бағаның қалай қалыптасып отырғаны, жер-жерде жауапты адамдардың азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстарын бірінші орынға қоймауы. Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық тобы бойынша ЭШФ талдау бойынша жұмысты жалғастыруы тиіс. Сауда үстемесін бұзу тәжірибесін тоқтату керек, ол үшін барлық өңірлік комиссиялар Сауда комитетінің үйлестіруімен жұмыс алгоритмдерін қайта қарап, аптасына кемінде 2 рет отырыстарда бағаның күрт көтерілу себептерін талдап, анықтауы қажет», — деді Серік Жұманғарин.
Негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі әрбір кеңесте отандық қант зауыттарына айналымдық қаржыландыруды бөлу процесіне және алдағы маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылады. ӘМАТ-қа баға индексінің негізгі өсуі Ресей Федерациясына қатысты санкциялар енгізу, 2022 жылғы наурызда РФ-дан қант пен астық экспортына тыйым салу кезеңінде болғаны белгілі. Қосымша фактор ретінде рубльдің жоғары бағамы және маусымаралық кезең болды, бұл көкөніс бағасының өсуіне әкелді. Қазіргі уақытта Атырау, Жамбыл, Павлодар, БҚО, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары жалпы сомасы 7,664 млрд теңгеге қант зауыттарымен қарыз шарттарына қол қойды. Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Алматы қаласы қол қою сатысында.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай картопты мысалға келтіре отырып, тұрақтандыру қорлары жұмысының жаңа тәсілдерінің бірінші кезеңін іске асыру тетігін түсіндірді. Есептеулерге сәйкес, елдің картопқа деген жалпы жылдық қажеттілігі 1,183 млн тоннаны құрайды. Бұл тамыр дақылының бағасы негізінен сәуір-маусым айларында, ескі дақыл аяқталып, жаңасы әлі болмаған кезде өседі, Мысалы, осы кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін жабу үшін шамамен 244 мың тонна картоп керек. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, өңірлерде осы кезеңге шамамен 100 мың тонна картоп, оның ішінде форвардтық шарттар шеңберінде 68,3 мың тоннаға, «айналым схемалары» бойынша 32 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Қажеттіліктің қалған көлемі дәстүрлі жеткізу арналары, яғни бизнеспен келісімшарт жасау (сауда желілері, көтерме жеткізушілер арқылы) есебінен қамтамасыз етіледі. 2023 жылдың мамыр-маусым айларында ішкі нарықтың қажеттілігі Түркістан облысының ерте шыққан картобына келісімшарт жасау және оңтүстік елдерден импорттық жеткізілімдер жасау есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Осыған ұқсас схемалар маусымаралық кезеңде бағасы ең көп көтерілетін жеміс-көкөніс өнімдерінің барлық әлеуметтік түрлеріне қатысты іске асырылатын болады. Әр өңірдің импортқа және ерте шыққан көкөніске деген нақты қажеттіліктері нақтыланады.
ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.