ЖАЛҒА ПӘТЕР ТАБУДЫҢ МАШАҚАТЫ КӨП

0

Елімізде жиі көтерілгенімен, түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелердің бірі – баспана. Қай өңірді алып қарасақ та, ала дорбасын, көрпе-көпшігін көтеріп, пәтерден пәтерге көшіп жүретін отбасылардың қарасы қалың. Сәйкесінше, жылжымайтын мүлкін жалға беріп, бизнеске айналдырып отырған «кәсіпкерлер» де көп. Ал олардың пәтер ақысын аспандатып қоятыны, әсіресе, жас отбасылардың шымбайына бататыны жасырын емес. Бірақ қара басында пана болмағаннан кейін жұрттың бұған көндігуден басқа амалы жоқ. Осы ретте жылжымайтын мүлікті жалға берудің реті қандай, жалға беруші азаматтар салық төлейді ме, жалпы жалдамалы пәтердің бағасын кім бекітеді деген сауалдардың жауабын іздеп, тиісті сала мамандарынан сұрап көрдік.

 

«Жеке кәсіпкер ретінде тіркелкен адам өз пәтерін еш кедергісіз жалға бере алады. Ал салықтың мөлшері табысына қарай төленеді. Бүгінде үйді жалға беретін адамдар көп жағдайда екі салық салу режимінің біреуін таңдап жатады. Олар: патент және жеңілдетілген декларация. Патент режимі болған жағдайда жеке кәсіпкер зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру сынды міндетті аударымдарын төлеп отырады. Тағы бір айта кететіні, патентпен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер ең аз салық төлейді. Бюджетке табыстың 1 пайызы ғана аударылады. Ал егер жеке тұлға пәтерді жалға беретін болса жалға берілген суммадан 10% салық төленеді және 240.00 форма декларация тапсырады»,-деп түсіндірді Қордай ауданы бойынша салық басқармасының қызметкері Нұртас Иенберген.

Қордай ауданы бойынша «Жылжымайтын мүлікті жалға беру» қызметімен  227 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Алайда, оның ішіне пәтер де, дүкен де, кеңсе де кіреді. Бұл тек ресми ақпарат, ал тиісті салықты төлемей пәтерді жалға берумен айналысып жатқан азаматтар қаншама?! Салық басқармасы қызметкерінің айтуынша, тіркелмеген кәсіпкерлік қызмет заңсыз болып табылады. Ал табысты жасыру және салықтан жалтару әрекеттері үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша жеке тұлғаларға 15 АЕК (51 750 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Жалдамалы пәтерлердің бағасына келетін болсақ, оны пәтер иесі өзі белгілейді. Яғни, әзірге бұл нарықты реттейтін арнайы заң болмай тұр. Жалға берушілердің  өздері қалаған бағаны қоя салуы сол себептен.

Ал батыс елдерінде баспана жалдап тұру көпшілігі үшін қалыпты жағдай. Халықтың басым бөлігі пәтерді сатып алуға асықпайды. Сондықтан жалдау ережелері заңмен қатаң реттелген. Мәселен, Түркияда үйді жалға беру мен алу тек риэлторлық компания арқылы жүзеге асады. Бағасына келіскен соң тараптар кем дегенде бір жылдық келісім шарт жасап, құжат нотариалды түрде бекітіледі. Үй иесі келісілген бір жыл ішінде пәтерге себепсіз келе алмайды. Тіпті пәтерақысын төлемей қойғанның өзінде оны тек сот органдары арқылы ғана алуға құқы бар. Бұдан бөлек пәтердің жалға беру құнын да мемлекет реттеп отырады екен.

Біреудің қас-қабағына қарап күнелтіп жүрген жандардың жүрегіне бататын тағы бір жайт – пәтер иелерінің баласы бар жас отбасыларды шеттетуі. Аудан тұрғындары Талғат пен Айгүл Есеевтер  (аты-жөні өзгертілген) екі баласы бар жас отбасы. Басында баспанасы жоқ ерлі-зайыпты аудан орталығынан пәтер іздеп әбден зарыққандарын айтады. «Жағдайы жасалмаған шағын үйлердің өзіне 70 мың теңгеден жоғары сұрайды. Ал екі бөлмелі, барлық жағдайы бар, жиһазымен пәтерлердің бағасы 100 мың теңгеден жоғары. Арзанырақ баспана тауып, хабарлассақ «балаларымен отбасыларды алмаймыз» деп шықты. Сонда біз балаларымызды қайда жіберуіміз керек?»,-деп күйінеді Айгүл. Иә, бұл бір ғана Айгүлдің емес, қаншама отбасында бар жағдай. Біздің әлеуметтік желідегі парақшамызға да тұрғындардан аудандағы жалдамалы пәтерлердің бағасына қатысты шағымдар көп түседі.

Жалпы пәтерді жалға беруде, пәтер жалдауда заңсыз әрекеттерге тап болмас үшін екі жақты келісімшарт жасауға кеңес береді сала мамандары. Заңгерлердің айтуынша, Азаматтық кодекстің 556-бабына сәйкес жалға беруші келесі жағдайларда ғана келісім шартты бұза алады. Егер жалға алушы шарт талаптарын немесе мүлiктiң мақсатын елеулi түрде бұзса, Жалға алушы мүлікке елеулі зақым келтірсе, екі реттен астам төлем жасамаса, жалға алушы келісімде белгіленген мерзімде мүлікке күрделі жөндеу жүргізбесе. Ал, басқа жағдайда бас көз жоқ баспанамды босат деп талап қою заңға қайшы.

Иә, халық саны артқан сайын баспана тапшылығы да арта түседі. Үй сатып алуды әркімнің қалтасы көтере бермейді, ал бағдарлама арқылы кезекке тұрғанға белгілі бір санатқа сай болуың қажет. Амал жоқ, жалға пәтер іздейсің…

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.