Биылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі бастау алды. Оны кімдер және қалай тапсырады? Нені декларациялау қажет? Қоғам талқысына түскен осы және өзге де өзекті сұрақтардың жауабын Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Саяков Ғабит Серікжанұлынан сұрап білдік.
– Ғабит Серікжанұлы, биыл декларацияны кімдер тапсыруы қажет? Және қандай декларация тапсырады?
– Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Жалпы 3,9 млн. жеке тұлға тапсырады деп жоспарлануда. Осы тұлғалар – 250.00 Активтер мен міндеттемелер туралы нысанды тапсыруы қажет.
– 250.00 формада қандай мәліметтерді көрсету қажет?
– Онда жеке тұлғаның барлық мынадай шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі:
- шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
- шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары (1 000 АЕК) ақша;
- шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
- бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.);
- үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
- инвестициялық алтын (құйма алтын);
- зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
- 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК ) шегінде қолма-қол ақша;
- басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары.
– Декларацияны қалай және қай уақытқа дейін тапсыру керек?
– Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank, CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.
– Жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлік үшін де декларация тапсыру керек пе?
– Иә, жұмыс істемей тұрған, салық есептілігін тапсыруды уақытша тоқтатқан салық төлеушілер де декларацияны тапсыруға міндетті.
– Егер декларацияны тапсырмаса не болады?
– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272-бабына сәйкес декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет — жеке тұлғаларға – он бес, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (2024 жылға 1 АЕК – 3692 теңгені құрайды).
– Азаматтардың декларация ұсынған/ұсынбағанын кім тексереді?
– Оны жергілікті мемлекеттік кірістер басқармалары тексеріп отырады.
– Биылдан бастап көптеген дүкен/ сауда орындары, такси жүргізушілері каспи аударымдарын қабылдаудан бас тартуда. Жеке кәсіпкерлердің тек қолма-қол ақшаны талап етуі заңды ма?
– Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Кодексінің 166-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының 25 бабына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған: банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз және тұтынушылардың құқығын бұзады. Кәсіпкерлер төлем картасы арқылы төлемді қабылдаудан бас тартса, бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал заңды қайталап бұзған жағдайда — шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық (147680 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс (221520 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық (369200 теңге) есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуі қажет.
– Мобильді аударымдар қадағаланады дегелі халық байбаламға салынып, түрлі алып-қашпа әңгімелер тарауда. Осы мәселенің анық-қанығын түсіндіріп беріңізші?
– Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппаратқа, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.
Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған ешқандай шектеу жоқ.
Сұхбаттасқан Еркін Қатбеков