Жалпыұлттық коалицияның Республикалық штабының мүшелері Қордай ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Делегация құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, «Respublika» партиясы облыстық филиалының төрағасы Айнұр Келимбетова, «BL Group 2030» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов, «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығының» төрағасы Зайнуддин Махусеев болды.
Жұмысша топ асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Бай-Нұр» шаруа қожалығында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Қожалық басшысының орынбасары С.Жетібаев қонақтарды қарсы алып, өндіріс барысымен таныстырды. 50-ге жуық жұмысшы қатысқан кездесуде Бекболат Орынбеков Жаңа Конституцияда еңбек адамдарының әлеуметтік құқықтарын қорғайтын арнайы бап барын атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды. Облыстық штаб мүшелері Л.Буларов пен А.Келимбетова да ой-пікірлерімен бөлісті.