Жалпы өнімнің 36,9 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына, 19,3 млрд теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Қазір ауданда 2599 агроқұрылым жұмыс істейді: 2 өндірістік кооператив, 33 ауыл шаруашылығы кооперативі және 2564 шаруа қожалығы бар.
Өткен жылы 51 933 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қуаңшылыққа қарамастан, диқандар жақсы өнім алды. Бидайдан 5441 тонна, арпадан 14 378 тонна, картоптан 6766 тонна, көкөністен 244 156 тонна, майлы дақылдардан 2670 тонна жиналды. Сонымен қатар 11 182 тонна дәндік жүгері, 2940 тонна сүрлемдік жүгері, 19 635 тонна бақша өнімдері және 26 972 тонна қант қызылшасы өндірілді. Мал азығы үшін 295 131 тонна жем дайындалды.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында былтыр 103 техника сатып алынды, оның ішінде 42 трактор мен бір комбайн бар. Мемлекеттік қолдау аясында 525 шаруа қожалығына 3,1 млрд теңге субсидия берілді. Бұдан бөлек, қаржы институттары арқылы 64 агроқұрылым 1,5 млрд теңге несие алған.
Инфрақұрылымды дамыту да жалғасуда. Айша бибі ауылында 7 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы іске қосылып, қажетті инженерлік желілер тартылды. Аса ауылында тәулігіне 200 басқа арналған мал сою алаңы ашылды. Сонымен қатар бірнеше елді мекенде мал тоғыту орындары салынды.
Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 56 жоба мақұлданып, 400 млн теңге бөлінді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 35,4 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылы құны 1,8 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылып, 71 жаңа жұмыс орны ашылған.
Бүгінде аудан аумағы 419,8 мың гектарды құрайды, оның 235,9 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Өткен жылы 4040 гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жалпы алғанда, Жамбыл ауданында аграрлық сектор мен қайта өңдеу бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен іске асып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндіріс көлемін арттыруға ықпал етіп отыр.