ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ХХVIІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

0

Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» тақырыбындағы ХХVIІ сессиясы өтті.

Сессияға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов қатысты. Сонымен бірге мәслихат депутаттары, Ассамблея мүшелері мен құрылымдары, этно-мәдени бірлестіктер, ҮЕҰ-дар және саяси партия өкілдері жиналды.

Сессияны облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров жүргізіп отырды.

Аймақ басшысы, облыстық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айқындап берген тапсырмаларына тоқталып, міндеттерді іске асыруда барлық әлеуетті тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың аса маңызды құралы. Ассамблея – береке-бірлік, тұрақтылық сынды басты мақсаттарға қол жеткізуге жұмылуы тиіс. Бұл тұрғыда облыстық Ассамблеяның алдында ауқымды міндеттер тұр, – деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бойынша облыстық Ассамблея жанынан 8 құрылым мен кеңестер құрылған. Есепті кезеңде этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында 51 мың адамды қамтыған 570-тен астам іс-шара ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы төртінші жыл қатарынан жемісті жалғасып келеді.

Ербол Қарашөкеев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге Ассамблея өкілдерінің көмек көрсеткенін, бұл жағдай бірлікті бекемдей түскенін атап өтті.

Жалпы, өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының өкілдері су басқан аймақтарға 57 млн теңгені құрайтын 100 тонна гуманитарлық көмек жіберген болатын.

ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында нақты мәселелер көтеріліп, межелі міндеттер белгіленгенін атап өтті. Ол сессия қатысушыларына қоғамдық даму мен бірлікті нығайтуда күш-жігерді біріктіру – ортақ мақсаттарға жетудің кепілі екенін жеткізді.

Сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және этномәдени бірлестік өкілдері баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Сессияда өңірдегі этносаралық келісім мен бірлікті сақтауға қомақты үлес қосқан бірқатар этномәдени бірлестік өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Шара концерттік бағдарламаға ұласып, түрлі этнос өкілдерінен құрылған жастар театрының қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.