«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Иә, жетім-жесірге қарасу, мұқтаж жандарға жәрдемдесу, сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу болу сынды адам бойындағы асыл қасиеттердің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Ауданымызда жыл өткен сайын осы игі қасиеттерді ту еткен қайырымды жандардың қатары көбейіп келеді.
Отар елді мекенінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жоғары біліктілігімен, кәсібилігімен қатар аса жомарттығымен көпке үлгі. Жаңа жыл қарсаңында институт қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы «QazVac» вакцинасын жасап шығарғандары үшін 18 млн. 600 мың теңге көлемінде ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйақы алған болатын. Ғалымдар мемлекет тарапынан алған сыйақыны қайырымдылыққа жұмсауды жөн деп санап, көпбалалы отбасыға екі үй және Отар ауылындағы мүмкіндігі шектеулі отбасына бір баспана алып берген еді. Жуырда институттың қайырымды қызметкерлері тағы бір шаңыраққа шаттық сыйлады. Бұл жолы Жамбыл ауылында тұратын Әлиевтер әулетіне баспана кілтін табыс етті.
Отбасының жалғыз асыраушысы Оразбай Әлиев осы күнге дейін құрылыста жұмыс істеген екен. Алайда жұмыс орнында болған оқыс жағдай олардың өмірін күрт өзгертті. Оразбай аға арқасынан ауыр жарақат алып, еңбек етуге жарамсыз болып қалған. Жұбайы да үшінші топ мүгедегі. Осындай қиындыққа тап болған үш баланың ата-анасында жеке баспаналары да жоқ еді. Пәтерден пәтерге көшіп, күнкөрістің қамымен жандары қиналған отбасына ауылдастары қолдарынан келгенше жәрдемдесті. «Ауданның бас имамымен ақылдаса келе, біз осы отбасы жайында бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желіге салайық деп шештік. Оны көпшілікпен бірге Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері де көріп, біз көмектессек деген ниеттерін жеткізді. Бір қызығы, үйдің кілтін табыстау салтанаты қасиетті Қадір түнімен тұспа-тұс келді. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Өйткені мың айдан да қадірлі Рамазан айындағы Қадір түнінде әр мұсылманның сұраған дұға-тілегін Алла тағала жауапсыз қалдырмайды. Әлиевтер отбасына қоныстарыңыз құтты болсын деп тілеймін», – дейді ауылдық мешіт имамының міндетін атқарушы Амангелді Нұргелді.
Баспана кілтін салтанатты түрде табыстау рәсіміне Жамбыл ауылдық округінің әкімі Айдар Бірімқұлов та қатысты. Ауыл басшысы мұқтаж отбасына асарлатып үй алып берген Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне алғысын айтып: «Құрметті үй иелері, жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Іші берекеге, ырысқа толсын. Шаңырақтарыңызда тек қана той болсын», — деген тілегін жеткізді.
«Осы күнге дейін баспанамыз болмады. Сіздердің арқаларыңызда міне өз үйіміздің кілтін алып отырмыз. Бізге осындай қысылтаяң шақта қол ұшын созып, зор бақытқа бөлегендерінің үшін рахмет айтамыз. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын», – деді отағасы Оразбай аға.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ
ЖАМБЫЛДЫҚ ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ
Prev Post
Next Post