Түркияда орын алған төтенше жағдайға байланысты Жамбыл жұртшылығы гуманитарлық көмек ұйымдастырған болатын. Облыс орталығында сол жиналған заттай көмекті жөнелтуге атсалысып жатқандар көп. Олардың қатарында облыстық ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктері, республикалық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы филиалының жастары бар. Күні бүгінге 12 млн 500 мың теңге қаржылай және 100 тонна заттай қайырымдылық көмек жиналды. Жиналған көмек Бүкіләлемдік түрік-ахыска (DATÜB) қауымдастығының арнайы есеп шотына аударылды. Қайырымдылық көмек шаралары әрі қарай да жалғаса береді.
Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Османие, Диярбакыр, Шанлыурфа провинцияларында болған жер сілкінісінде зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсетуді қордайлықтар да қолға алды.
Масаншы, Сортөбе, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 және Бұлар батыр ауылының ерікті жастары мен кәсіпкерлері Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 2 млн 500 мың теңге көлемінде қаржы жинап, сенбі күні қажетті заттар тиелген жүк көлік жолға шықты.
Тұрғындар қолдан келгенше жылы киімдер, аяқ-киім, төсек-орын, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, жеке бас гигиенасына арналған бұйымдарды алды. Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету шараларына Қордайдағы этномәдени бірлестіктер белсенді атсалысуда.
Мәселен, дүйсенбі күні аудандағы «Азери» әзірбайжан этномәдени бірлестігі белсенділерінің ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі жолға шықты. Екі күн қатарынан аудандағы қайырымды жандардан қаржы және қажетті заттар жиналды. Гуманитарлық жүкте аса қажетті жылы киім-кешектер, азық-түлік, балаларға арналған тағамдар, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар бар. Кезекті гуманитарлық көмекті аудандық «Вынхуа» этномәдени бірлестігі де ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
Қайырымдылық шаралар мұнымен шектелмей, аудандағы өзге де елді мекен жұртшылығы, этнос өкілдері игі істі қолға алып, қаржылай көмек көрсетуді ұйғарып отыр.
ЖАМБЫЛДЫҚТАР ТҮРКИЯҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ
Prev Post