Аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесулерінде көтерілетін сұрақтар қатарында ауылішілік электр бағаналарының ескілігі жайында жиі айтылатын. Сол мәселелер кезегімен ауылдарда шешімін тауып келе жатқаны қуантады.
Жамбыл ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін тозығы жеткен электр бағаналарын пайдаланып келген болатын. Таяуда тұрғындардың талап тілегі ескеріліп, Жамбыл ауылдық округінде ескі электр желілері бағаналарын, бетон тіректерге ауыстыру бойынша тиісті шаралар басталып кетті. Аталмыш жобаның тапсырыс берушісі Жамбыл ауылдық округі әкімінің аппараты болса, жұмысты жүзеге асыратын мердігері болып «Алира сервис компани» ЖШС-гі танылды. Жаңартылу жұмыстары округтегі жалпы көлемі 138 дана бағаналарға қолданылатын болады. Одан бөлек, электр желілері де толығымен жаңартылмақ. Яғни, ескіген ағаш бағаналар ауыстырылатын болады.
— Бүгін де электрмен қамтудың сенімділігін, тұтынушыларға электр қуатын тарату қызметтерінің сапасын арттыруға, жалпы электр қауіпсіздігіне бағытталған шаралар жүргізілуде. Қазір бізге аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, электр тарату желілерін және бағаналарды жаңаға ауыстыруды қолға алып жатырмыз. Бұл 4438 тұрғыны бар ауыл үшін жақсы жаңалық болғаны анық, – дейді округ әкімі Айдар Бірімқұлов.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ