ЖАН ЖАРАСЫН ЖАЗҒАН МАМАН

0

Психикалық денсаулық – адам өмірінің ең нәзік әрі маңызды салаларының бірі. Осы салада түрлі дәрежедегі психикалық бұзылыстарды дер кезінде анықтап, дұрыс диагноз қойып, емдеу мен алдын алумен айналысатын жоғары білікті маман – психиатр дәрігер.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – аудандық аурухананың тәжірибелі психиатры Хадича Умарова. Өз ісіне адал, кәсібіне берілген білікті маман аудан халқына ерекше танымал. Қашанда ізденісте жүріп, біліктілігін үздіксіз арттырып отыратын дәрігердің жұмысына деген жауапкершілігі мен жан жылуы оны жерлестерінің сүйіспеншілігіне бөлеп отыр.

Хадича Абдукеримқызы 1994 жылы Қырғызстан мемлекеттік медицина академиясын «емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Тоқмақ қаласында тері-венерологиялық дәрігер ретінде бастайды. 2009 жылдан бастап Қордай аудандық ауруханасына ауысып, осы күнге дейін психиатр қызметін атқарып келеді. Бүгінде ол – жалпы медицина саласында 31 жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне берілген жоғары санатты дәрігер.

«Психиатр дәрігер ретінде мен науқастардың психикалық денсаулығын жақсарту мақсатында олардың эмоциялық және психологиялық жағдайларын терең зерттеп, диагностика мен емдеу әдістерін тиімді қолданудың маңыздылығын түсінемін, себебі әр науқастың жеке тарихы мен күрделі жекелеген мәселелері бар. Жалпы, 31 жыл еңбек өтілімде адам денсаулығын қорғауға, жақсартуға бағытталған қызметімде қолымнан келгенше алғыс алуға тырысып келемін», – дейді дәрігер. Ауданның медицина саласына психиатр болып үлес қосып келе жатқан дәрігер бұл маманның атауына тұрғындар күдікпен қарайтынын айтады. Ал дәрігер алдына келгенде көбіне келушілер ол көзқарастан айниды. Себебі келушілерді өзінің жайдары мінезімен, салиқалы да сабырлы қалпымен қарсы алатын дәрігерге көңілдері толып, ризашылықтарын білдіреді. Шын мәнінде көңілі жабырқаулы жанға ең алдымен жақсы қарым-қатынас жасау оның кәсіби шеберлігін көрсетсе керек. Науқаспен әңгімелесіп, жағдайын зерделеу арқылы дұрыс ем жүргізу ғана оң нәтиже беретінін ақ халатты абзал жан жақсы біледі. Адамның жүрегіне жол таба білетін дәрігер психиатрия саласында кездесетін кедергілермен үнемі жұмыс жүргізеді. Өйткені психиатрдың қабылдауына келуге көп адам жүрексінеді. Одан қалды ел-жұрттың жағымсыз пікірлері де дертке шалдыққандарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге кедергісін келтіреді екен.

Қордай аудандық орталық ауруханасының білікті психиатры, өзінің жоғары кәсібилігі мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында, науқастармен сенімді қарым-қатынас орнатуға және олардың психикалық жағдайларын терең түсінуге үлкен мән береді. Сонымен қатар, емдеу барысында науқастың басынан өткерген жағдайларын ескеріп, жеке және топтық терапиялардың тиімділігін анықтап, эмоционалды және әлеуметтік көмекті қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді емдеу схемаларын жасап, оларды орындау барысында науқастардың прогресін тұрақты түрде бақылап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіп отырады. Бұл тәсіл науқастардың психикалық саулығын қалпына келтіруге, оларды қоғамда қайта тіршілік етуге және өмір сүруге деген оң көзқарасын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Нәтижесінде, Хадича Умарованы көптеген адамдардың тағдырын жақсартып, олардың психологиялық денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосуда деуге болады.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.