Аудандағы өзекті мәселелер қатарынан түспей келе жатқан жайт – қаңғыбас жануарлар. Мәселені нақты шешу жолын әлі де ешкім дөп басып айта алмауда. Көшеде қалмастан бұрын ол ит-мысықтар үйде асырауда болғаны рас, адамдардың немқұрайлығы мен мейірімсіздігінен көшеде қалған.
«Шамшырақ» тілшілері осы тақырыпқа байланысты аудан орталығының тұрғындары арасында сұрақ-жауап жүргізген болатын. Ары-бері асыққандардан «Қаңғыбас ит яки мысықты көргенде не сезінесіз?» деп сұрадық. Жауап бергендердің 75 пайызы қорқыныш сезімі туындайтынын жасырмады, кейбірі ешқандай сезімі болмайтынын айтса, тек бірнеше адам ғана төрт аяқтыларға аянышпен қарайтынын білдірді. Тастанды күшік пен марғауды көргенде жанашырлығы оянып, жанынан жай ғана өтіп кете алмайтындар қатарында «Адал дос» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің мүшелері бар. Олар – Анаркүл Болатқызы Янчева, Ольга Николаевна Султанова мен Олеся Сагдеева. Бұл азаматтар нағыз жануарлардың қорғаушысы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ольга Николаевна көшедегі бір қаңғыған жануарға жаны ашып, оны қайда орналастырса болады, деген оймен жүргенде, таныстарынан Анаркүл Болатқызының шағын тұрақжайы бар деп естиді. Дәл сол күннен бастап олардың өзара серіктестігі бастау алған.
Бүгінде «Адал дос» бастамашылар тобында оннан астам адам бар. Қордайлық зооқорғаушылардың өздерінің ватсап-тобы да ашылған. Ондағы қатысушылар саны 400-ден асады. Әлеуметтік желі арқылы араласатын мейірімді жандар ақпарат алмасып, көшеде жүрген үйсіз жануарларға жаңа қожайын тауып береді, көмектеседі. Бұл көлемді жұмысты жүргізіп отырған Олеся Сагдеева.
Үй-жайсыз жануарларға көмегін аямай келе жатқан Анаркүл Болатқызы Әлжан ана ауылында орналасқан шағын тұрақжайды өз қаражаты есебінен қаржыландырып отыр. Бүгінде Анаркүл мен оның күйеуінің қамқорлығында 100-ден астам ит пен мысық бар. Бұл игі бастаманы қолға алуға қаңғыбас иттерге деген аянышы сеп болған. Ауылдан тұрақжай ашылғанын естіп-білген адамдар бүкіл ауданнан жануарларды әкеле бастаған.
Мұнда жануарларды тамақтандырумен қатар жауыз адамдардың қолынан зардап шеккен ит-мысықтарды емдеуге тура келеді екен. Бүгінде паналау орнына белсенді еріктілер көмек көрсетуде. Қажет болғанда ватсаптағы топқа жазып, біреулер дәрі-дәрмек әкеп береді, мал дәрігерлері де өз көмегін көрсетуде.
Ауданда осындай жануарларға арналған тұрақжай салу мәселесі бірнеше жылдан бері қаралып келеді. Енді «Адал дос» іске кіріспекші. Бұл ретте алғашқы қадам да жасалған, өз ниеттерін ауылдық округ әкімімен кездесу барысында білдірген. Әңгімелесу барысында құрылыс салуға жер учаскесін бөліп беру мәселесі өз шешімін тапты.
Тұрақжай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын болды, бүгінде оның жобасы да дайын. Үйсіз жануарларға пана болатын орын жанашыр азаматтардың күшімен салынады деп жоспарлануда.
Мұндағы мәселенің мәні тек жанашырлық мен мейірбандық қана емес, ең алдымен ол өз балаларымыздың денсаулығы, қауіпсіздігі болмақ.
Ауданымызда өз кезегімен қаңғыбас жануарларды ұстап әкету жұмысы жүргізілуде. Бірақ, бұлайша мәселе түбірімен шешіле қоймайтыны да рас. Ең алдымен, әрбір адам жанымызда жүрген жануарларға деген жауапкершілігін ұмытпаса екен дейміз.
Шолпан САБАНОВА