ЖАНУАРЛАР ЖАНАШЫРЫ – АРДАҚТЫ МАМАНДЫҚ

0

2024 жылдан бастап елімізде 10 шілде «Ветеринария қызметкерлерінің күні» болып бекітілді. Бұл күн жануарлардың денсаулығы мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринарлық мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.

Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Бүгінде бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етіп отырғаны сөзсіз. Ал малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының қызметі ерекше екені анық. Атаулы мерекеге орай, Сарыбұлақ ауылдық округінің мәдениет үйінің жанындағы кітапханасында, ауылдық ветеринария бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Әуеловтың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.

Бақытжан Рысбекұлы дөңгелек үстелді ашып, ветеринария мен ауыл шаруашылығының маңызды мәселелері туралы сөз қозғады. Ол ветеринарияның жануарлар денсаулығын қадағалап, қоғамның әл-ауқатына қалай әсер ететінін жеткізді.

Жиын барысында жастар мен мектеп оқушылары белсенді қатысып, өздерінің пікірлерін ортаға салды.

Шара қонағы, оларды қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, ветеринарияның жаңашылдығы мен жетістіктері туралы айтып берді. Бұл кездесудің басты мақсаты – жастарды ветеринария саласына тарту, оларға өз алдарына мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге жетелеу болды. Жиын барысындағы әңгімелер мен пікірталастар жастардың санасында ауыл шаруашылығына деген жаңа көзқарас қалыптастырып, оларға бұл саланың қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін көрсетті.

Әділет ДҮЙСЕНҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.