Біздің елге тән мәдениеттер симбиозы таңғажайып нәтиже береді. Бүгінгі кейіпкеріміз Диана Чоль Қазақстанның шағын үлгісі іспетті осындай отбасылардың бірінде өскен.
Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар — бір-біріміздің салт-дәстүріміз бен тілімізге деген құрметіміздің ең жақсы дәлелі. Диана осы қасиеттердің барлығын бойына сіңіріп өсті. Төлқұжат бойынша оның ұлты – түрік. Әжелері – бірі украин ұлтынан, екіншісі – татар болса, аталары – түрік және орыс. Бойжеткен әртүрлі ұлттың ең асыл қасиеттерін жиып алған десек артық болмас. Бірақ, Диана өзін қазақ қызымын деп есептейді. Отбасында негізінен қазақша сөйлеседі екен.
-Ойымды тек таза қазақ тілінде еркін әрі акцентсіз жеткіземін. Менің қазақша қиналмай сөйлейтінімді естігендер жиі таңданып жатады— деп жымияды Диана.
Диананың айтуынша, отбасында әрқашан халықтық дәстүр мен әдет-ғұрыпты құрметтеу бірінші орында тұрады. Атасы өз отбасының Қазақстаннан туған жерін қалай тапқанын, халқының қандай сынақтардан өткенін айтып отырады. Диананың өзі мекенінен қуылған миллиондаған адамдарды қанатының астына алған халықтың тарихы мен мәдениетін құрметтеу қажет, деп санайды.
Ол қазақ тілін бала кезінен үйрене бастады. Тілдің дыбысын ұнатып, әуезді деп санағанын айтады. Сол кезде ол 8 жаста еді. Бастапқыда ұялшақ болғанын, сөздерді қате айтудан қорыққанын есіне алды. Ұстазы Алиша Бейсенова Дианаға тіл үйренуге көп көмектескен екен.
-Мен славяндықтардың прагматизм және табандылық, шығыстықтардың даналығы мен шыдамдылық қасиеттерін бойыма жиғам. Бірақ сонымен бірге мен өзімді жүз пайыз қазақпын деп білемін. Қазақтың тағамдарын жақсы көремін, қазақша әндер тыңдағанды ұнатамын, — дейді бойжеткен.
Диана — өз қатарластарының жарқын өкілі. «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті, жақсы оқиды, белсенді, қоғамдық жұмыстарға араласады, қол ұшын беруге әрқашан дайын. Алдына үлкен мақсаттар қойып, дамығысы келеді, құқық қорғау саласына жақын мамандықты иеленуді армандайды. Бір сөзбен айтқанда, еліне қызмет етіп, халықтың лайықты қызы болғысы келеді.
Шолпан САБАНОВА