Жасы тоқсаннан асқан ғазиз аналар Қордай топырағында санаулы. Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әжелердің қатары бүгінде сиреп барады. Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бүгінде немере-шөберенің арасында шұғылалы көктемін қарсы алуда. Дархан даланың пейіліндей болған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Сондықтан, бүгінгі әңгімеміз Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны 92 жастағы Күлсара Балмұхамбетова туралы болмақ.
Расында, кешегі ұлы майданда ерлерге қолқанат болып, тылда еңбек етіп, бүгінде бейбіт өмірдің шырағына айналған ғасыр-аналар көп емес. Өткен күндердің қасіретінен тосылып қалмаған ер мінезді аналардың қара шаңырағынан қашанда шуақ шашылып тұрады. Бәрі де ұлағатты қариялармен қол алысып, тағылым мен тәрбиеге ұласатын түрлі тақырыптағы әңгімелердің тиегін ағытуға құштар.
Биыл 92-ші жазын қарсы алған Күлсара Нұрманқызы шөбересінің қолынан су ішкен бақытты әжей. Кейіпкеріміздің өзінің әкесі соғыста қаза тапқан соң, өзі анасымен ғана жалғыз қалды. Бір үйдің жалғыз қызы, жас кезінде кітапханашы болып жұмыс атқарған. Жұбайы Мұсахан Балмұхамбетов Ұлы Отан соғысына қатысқан абыройлы кісі болған екен. Үйленген кезде Күлсараның анасын тастамай, бірге алып, үшеуі тұрып бастаған. Балмұхамбетовтер тойларға қол ұстасып барып, әдемі жұп болып, әр іс-шараның сәні мен көркі болғаны ауыл тұрғындарына мәлім.
Мұсахан ата 2004 жылы дүниеден озды, ал Күслара әженің өзі осыдан 4 жыл бұрын құлап, жатып қалуға мәжбүр болды. 10 құрсақ көтерген кейуана бір ұл, бір қызынан айырылып, 8 бала тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда үлкен ұлының қолында тұрып, немере келіні Санияға күнде батасы мен алғысын беріп, бағып отырғанына әбден риза. Соған қарамастан, төсекке таңылған Күлсара апаның көңілі жабырқаулы деп айтуға қиын. Бәріне шүкіршілік етіп отыр.
«Әр іске адалдық, адал ниет болсын. Сонда жүрек таза болады. Жүректің тазалығынан өмірің мәнді, ісің өнімді өріледі. Сосын кешірімді болу да маңызды. Ең бастысы, Жаратқанға шүкіршілік ете білейік, қарақтарым!» – деген еді Күлсара әже.
Тоқсаннан асқан жанның жан дүниесі сондай таза. Ғасырға аяқ басып, заманның сырласы болған ана жүрек елдің амандығы, жұрттың тыныштығын тілеп отыр. Мұндай жандарды кешегі мен бүгіннің келбетін салыстыруға хақы бар, қойны кеніш, көнекөз данасы деп санағанымыз жөн. «Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткердік. Ол кездегі көрген қиындықтарды бүгінгі жастардың басына бермесін» – деп өткенді еске алған ананың ендігі арманы бейбіт күнде берекелі ғұмыр сүру.
Қиындықтарды басынан өткізген әженің жүзінде жылулық, сөзінде өнеге, ойында ғибрат тұныпты. Еңсесін тік ұстап, ұрпағын санап отыр. Бүгінде сегіз баласынан тарайтын 30-дан асқан немере, 8-9 шөберенің атын атап, тәлімін таратуда.
ХХ ғасырдың аласапыранынан аман қалып, аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңын көрген әзиз ананың тілеуі бір. Ол – елдің бүтіндігі, жұрттың амандығы, ұрпағының саулығы. Ана жүректің дұға-тілектері бізді желеп-жебеп жүргені де анық.
«Қарты бар ел – қазыналы ел» деген дана қазақ қашанда қариясын қастер тұтқан, үлкендерін ұлықтауды ешқашан жадынан шығарған емес. Ал, өтпелі кезеңдерде талай-талай оқиғаларға куә болған, шежіре тұнған қазыналы қарттардың арамызда жүруі, үлкен қуаныш. Сондықтан, айналасына шуағын түсіріп, шұғыласын шашып отырған кейуанаға біз де мықты денсаулық, ұрпағының қызығын көре беруді тіледік.
Мадина УЗБЕКОВА