ЖАПАР КӨПБАЕВ

0

Жапар Көпбайұлы 1923 жылы Сұлутөрде туған. 1941 жылы маусымда мектеп бітірді. Суырып салып өлең  шығаратын қабілеті арқасында аудандық газетке жұмысқа тұрды. Сол жылдың қараша айында соғысқа кетіп, 1946 жылдың мамыр айына дейін әскери қызметте болды. Ол Панфилов дивизиясының 19-ы атқыштар полкінің рота, кейіннен батальон комсоргі  болды.  Мәскеу, Калинин, Великие Луки түбіндегі сұрапыл шайқастарға, Прибалтиканы азат етуге қатысты. Бірнеше рет ауыр-жеңіл жараланса да, емделіп қайтадан қатарға қосылып отырды.  Капитан Көпбаев соғысты Берлинде аяқтады. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше  жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Ж.Көпбаев  аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. 1958 жылы ҚазМУ-дің журналистика бөлімінің студенті атанды. 1964 жылы аудандық «Қордай шамшырағы» газеті редакторының орынбасарлығына тағайындалып, 1985 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін бұл қызметті  абыроймен атқарды. Шын мәнінде ол газеттің қазақ бөлімінің басшысы еді.   Бар саналы  ғұмырын газет  жұмысына арнаған Жапекеңнің кәсіптік біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттері де жоғары болатын. Қатар жүріп жұмыс істеген  жылдары оның  кең құшақ бауырмалдығын жиі сезінетінбіз. Өзі  аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, зайы-бы Әсем Оспанқызы апай екеуі дастарханы  жиылмайтын  қонақжай кісілер еді.

Майдангер аға соғыста бірге болған қаруластарының ерлігі жайлы, әсіресе,  қаракемерлік атақты мерген Әбіл Нүсіпбаев туралы көп айтатын. Әбілді майданда алғаш қалай көргенін,  өзінің партия қатарына өтуіне оның қалай септескенін, құралайды  көзге атқан мергендігін айтудан жалықпайтын. Айтып қана қоймай, майдан оқиғалары  туралы көптеген естеліктер де  жазды. Ж.Көпбаевтың «Шайтан тауындағы шайқас», «Атысты бізге бұрыңдар!», «Соңғы рет атылған оқ», «Ерекше тапсырма»  т.б. майдан хикаялары облыстық, республикалық газеттерде жиі жарияланып тұрды. 1989 жылы «Біздің  ерлік жолымыз» деген кітабы «Жазушы» баспасынан  отыз мың данамен жарық көрген болатын.

Жапар ағамыз үлкен-кішімен әзілдесе беретін ақжарқын адам еді, жарықтық. Біз де оған қалжыңдаймыз деп бірде тым қатты кетіп қалғанымыз бар. Онда редакция үйінің сыртында сырахана болушы еді. Жаздың ми қайнатар ыстығында әлгіден адам қарасы үзілмейді. Ара-тұра арамызда Жапар ағамыз да бар, біз де  «шөл басып» тұрамыз. Сырахананы өзімізше «баспахана» деп атап алғанбыз. Аңқамыз кеуіп, сыраға көңіл кеткенде бір бірімізге «баспаханаға кеттік» деп көз қысып біртіндеп шыға жөнелетінбіз.

Бір күні милиция бөлімінен есептік материал дайындалды. Тақырыбы — маскүнемдік, самогон қайнатушылықтың зардаптары туралы. Әлгіні алып қазақшаға аударып отырғанда, әзілің жарасса атаңмен ойна  демекші, бір қуақы ой келді. Қыдырбек екеуміз келісіп алдық та, мақаланың ішкілікке салынғандардың есімдері аталатын жерінен мынадай сөйлемді ойдан қостық та жібердік: «Мұндай жаман әдетке басқаны былай қойып, редакция қызметкерлері де  бой  алдырған. Қызметі де, жасы да үлкен ақсақалы бастап,  журналистер редакцияның қасындағы сыраханадан ұзақты күн шықпайтын болған. Оған, тіпті, сыпайылап «баспахана» деп ат қойып алған», — деп. Сосын ары қарай орысша мәтінді аударып аяқтадым да, үстінен оқып шығып, қол қоюға Жапекеңнің алдына апарып қойдық. Бір кезде ағамыз кабинетінен атып шықты.  — Әй, мынаны кім жазды. Олар мұны қайдан білген, а? — дейді  аптығып.

— Енді, милициядан осылай келіпті, — дейміз біз жарылуға шақ тұрған күлкімізді әзер тұншықтырып. Ал ағамыз ашуланғаннан қолды-аяққа тұрмай кетті.

Аздан соң барып ойынымыздың жайын айтып, кешірім  сұрадық. Бірақ, сол күннен бастап ағамыз  бізбен бірге «баспаханаға» баруды доғарып, көпке дейін өкпелеп жүрді.

Осындай ақкөңіл, кісілігі мол,  жастарға қамқоршы  азамат ретінде жадымда қалған майдангер ағамыз 1998  жылы 78 жасында дүние салды.м

Leave A Reply

Your email address will not be published.