«Қордай» Гуманитарлы-экономикалық колледжінде жастар арасында зорлық-зомбылық, суицидтің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Жыныстық тиіспеушілік пен ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында форум өтті. Форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастарға заманауи қоғамдағы түрлену, әлеуметтегі өзекті мәселелер туралы ақпарат беру.
Форумның ашылуында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Фаризат Керімжанова сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі таңда ең өзекті мәселе. Ұрпақ болашағына жауапты болып, жастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз қажет»,-деді ол.
Форумға арнайы шақырылған спикерлердің қатарында аудандық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева, АОА бас акушер-гинекологы Шынар Өсербаева, аудандық прокуратура өкілі Ринат Муфтадин, Қордай ауданы әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының хатшысы Алина Почуева, «Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» директоры Шынаркүл Бейсенбаева болды.
Шынар Өсербаева, жыныстық тиіспеушілік мәселесі мен ерте жүктіліктің әлеуметтік және медициналық зардаптары туралы баяндама жасады.
«Біз жастарға жыныстық білім беру, оларға таңдау жасау мүмкіндігін беру арқылы оларды қорғауымыз қажет»,-деді бас акушер-гинеколог.
Ринат Муфтадин, заңнамалық жағынан жастардың құқықтарын түсіндірді. «Заңнамалық тұрғыдан жастардың құқықтарын қорғау үшін ақпараттандырылған болу өте маңызды»,-деді ол.
Өз кезегінде, Алина Почуева зорлық-зомбылықсыз отбасының сипатын және ер азаматтардың негізгі міндеттерін тілге тиек етті. Сонымен бірге зорлық-зомбылықсыз отбасында өскен баланың болашағы, тұлғалық дамуы бойынша ақпараттармен бөлісті.
Сонымен қатар, форумда «Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» директоры Шынаркүл Бейсенбаева өз ұйымының қызметі туралы айтып өтті.
«Біздің мақсатымыз – азаматтарға моральдық және психологиялық қолдау көрсету, оларға қиын кезеңдерде қол ұшын созу»,-деді директор.
Форум соңында колледж психологы Гүлнұр Сатыбалды жастармен ашық диалог өткізді, қатысушылар сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті.
«Жастар – қоғамның басты құндылығы. Олардың проблемаларына мән бергеніміз жөн. Біз оларға қажетті ақпарат пен қолдауды ұсынып, өздерін жайлы сезінулеріне көмектесуіміз керек»,-деді психолог.
Аталған форум колледж студенттері арасындағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолында маңызды қадам болып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралардың жалғасы ретінде жүзеге асырылуда.
Жастардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігін арттыру – әр адамға жүктелетін міндет.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ