ЖАРТЫ ҒАСЫР БІРГЕ СОҚҚАН ҚОС ЖҮРЕК

0

Бір шаңырақ астында өмір сүріп, алтын тойларына бірге қол ұстасып жеткен жандарда арман жоқ шығар, сірә?! Өмірдің ыстық-суығында қатар жүріп, қартайған шағында бала-шаға, немере-шөберенің қызығын көру әркімге бұйыра бермейтін бақ екені сөзсіз. Маңдайларына осындай шын бақыт жазылған, алғаш танысқан күндерінен бірге соққан қос жүректің әлі күнге дейін үндесуінің сырын ауқаттылық  жұп – Рахымхан ата мен Қазима әже айтып берді.

 

Рахымхан Сапаков 1940 жылы Қордай ауданы, Шарбақты ауылында дүние есігін ашса, Қазима Сиязбаева 1943 жылы бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданында өмірге келген екен. Екеуінің бір отбасы болып ғұмыр кешкендеріне биыл 55 жыл толып отыр. Бүгінде ата-әже атанған, жарты ғасыр бұрынғы жігіт Рахымхан мен бойжеткен Қазима 1966 жылы пойызда танысқан екен. Рахымхан ата 10 жылдық ауыл мектебін тәмамдаған соң, 1960 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны 1965 жылы бітіреді. Оқу орнының шешімі бойынша Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы «Қараөзек» мал бордақылау совхозына жіберіліп, онда бас мал дәрігері болып жұмыс істеген. 1967 жылы екі жас шаңырақ көтеріп, Шығыс Қазақстанда бір жыл тұрады. Рахымхан ата мал дәрігерлік қызметте, Қазима апа мамандығы бойынша Комсомол орта мектебіне мұғалім болып орналасады. 1968 жылы Қордай ауданы «Трудовик» колхозына көшіп келіп, отағасы мал дәрігерлік қызметін жалғастырып, 1972 жылы бас мал дәрігері қызметіне көтеріледі. Ал 1980-1987 жылдар аралығында «Коммунистический» колхозында бас мал дәрігері болып жұмыс істеп, 1988 жылы қайта «Трудовик» колхозына ауысып, колхоз тарағанша сонда қызмет атқарған. 2003 жылдан бері құрметті зейнет демалысында. Ал жұбайы Қазима Сиязбаева Қордайға көшіп келген соң, Трудовик орта мектебінде 30 жыл ұстаздық қызметте жүріп, зейнетке шыққан.

Отбасылық өмірдің елу күзі мен жазын артқа тастаған жұп үш ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың әрқайсысы өз орнын тауып, ел игілігі жолында әр салада еңбек етіп жүрген абыройлы азаматтар. Әдемі қарттықта қолдарына су құйып, еркелетіп отырған ұл-қыздарына екеуі де риза.

–       Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – бұл бала сүю. Аллаға шүкір, бәйбішем екеуміздің алтын асықтай ұлдарымыз, аяулы қызымыз бар. Олардың өзі қазір бір-бір отбасының тірегі.. Соларға қарап, тәубе деп отырамыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, ұрпағымыздың амандығын, еліміздің тыныштығын тілейміз,-дейді Рахымхан ата.

Сапаковтар әулетінің қос бәйтерегі ұзақ жылғы табанды еңбектері үшін аудан басшылығынан марапаттарға ие болған. Ветеринария саласындағы жемісті еңбегімен қатар, қоғам жұмыстарына белсене атсалысқан Рахымхан ата «Елеулі еңбегі үшін», «Қордай ауданының құрметті ардагері» медальдарымен және ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Ал өмірлік жары 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды.

Адал еңбекпен көсегесі көгерген жандар зейнетте де бос отырған жоқ. Отағасы бақшаға түрлі жеміс-жидек, көкөністерді өзі отырғызып, баптап отыр. «Мен жастайымнан жүзім астында шәй ішіп отыруды армандайтынмын. Отағасы сол арманымды орындап берді. Өзім Абай атамыздың туған жерінен болғандықтан, бойымда ақындық, әншілік өнерім де бар. Шалым екеуміз бақшада шәй ішіп отырып, арасында әуелетіп ән салғанды ұнатамыз»,-деп күлімсіреді Қазима әже.

Жарты ғасырдан астам жұбайлық өмірінде ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген жұп тамыз айында алтын тойларын атап өтпек. Той иелерінің өнегелі өмірі қазіргі жастар үшін ғибрат. «Отбасының берік болуы – ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластық, махаббат және шыдамдылыққа байланысты. Жас отбасыларға айтарымыз, қуанышты күндер мен қиын сәттерде бір-біріңе сүйеу болып, сырттағы әңгімелерге ешқашан ермей, бір-біріңе деген сенімді сақтап қалсаңдар  ғана шаңырақтарыңның шаттығы еселене түседі»,-дейді отанасы.

Сәуле Мухадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.