Жарық – тіршілік көзі

0

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасына сәйкес, Ауқаттыда ауқымды жұмыстар қолға алына бастады. Бұл орайда, жаңа трансформатор орнатылып, электр бағаналары мен желілер  ауыстырылуда.

Ауқатты ауылдық округі – Қордай ауданына қарасты шалғай елдімекендердің бірі саналады. Үш елді мекеннен құралған аталмыш округте 10 000-нан астам халық мекендейді.

Ескі желілер мен тозған бағаналар күнделікті жарықтың үздіксіз болмауына, апатты жағдайлардың жиілеуіне әкелуі мүмкін еді. Жаңа трансформатор мен жаңартылған желілер бұл қауіп-қатерді айтарлықтай азайтпақ.

«Мектептегі балаларымызға жақсы болатын болды. Көшеде қараңғыдан батпаққа батпайды»,-дейді ауыл тұрғыны.

Аудан әкімінің жыл сайынғы халықпен кездесуінде, дәл осы мәселелер тұрғындар тарапынан көтерілген болатын.

Ауылдық округтің инфрақұрылымын жаңарту — тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейін көтеру үшін маңызды қадам.

Жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін электр қуатының сенімділігі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Жарық пен жылыту жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі оқу орындары мен қызмет көрсету саласының жұмыс үстемдігін арттырады.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын «Таразстрой – 2024» мердігерлік мекемесі қолға алған. Былтырғы жылдың сәуір айында қолға алынған жұмыстар, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.