Әкімдердің халыққа есеп беру кестесіне сәйкес, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Қақпатас, Беріктас елдімекенінің тұрғындарымен өткен жылдың жүзеге асырылған жұмыстары турасында есептік жиын өткізді.
Қақпатас ауылдық округінде өткізілген кездесуде алдымен ауыл әкімі Әсет Сапарбай өзінің есепті баяндамасын жасады. Оның айтуынша, екі елдімекеннен құралған округте 3822 тұрғын мекен етеді. Округ аумағында 2 пошта, 2 орта мектеп, 2 балабақша мекемелері қызмет көрсетеді. 2024 жылдың 12 айындағы бюджет қаражаты 99,9 пайызға игерілген. Беріктас ауылындағы Солтүстік, Төле би, Тың, Жуалы, Бау-бақша, Сейдуалы Кемшімбай көшелері ағымды жөндеуден өткізілген. Аудандық мансап орталығы арқылы 43 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 2 азамат жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы саласында жалпы жер көлемі 53020 гектар болса, егістік – 11324,2 гектар, жайылым жерлер – 33090,8 гектар, ал суармалы жер – 3583,9 гектарды құрайды. Жеке тұлғалардан жерді рәсімдеу, басқа да мәселелер бойынша 104 өтініш түсіп, заң шеберінде тиісті жауаптары берілген.
Одан кейін сөз алған аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы 2024 жылы аталмыш округте атқарылған жұмыстарды баяндауға көшті.
— «Құрметті жерлестер! Ауданымыздың өсіп-өнуіне өзіндік үлесін қосып отырған Қақпатас ауылдық округі өзінің алдына қойған мақсаты мен міндеттерін абыроймен өткеріп, өткен жылды табысты аяқтады. Қақпатас-Беріктас аудандық маңызы бар 6 шақырымдық автомобиль жолы ағымды жөндеуден өткізілді. Беріктас ауылындағы №28 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарына сараптама өтіп, қазіргі таңда жобалаушы сараптама ескертпелерін басшылыққа алып, түзету жұмыстары жүргізілді. Қақпатас ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыратын полигонды қоршауға сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылған. Қақпатас және Беріктас ауылдарындағы жарықтандыру мәселесінде, көшелерді жарықтандыру үшін жобалық сметасы әзірленіп, қаржы қарастырылуда», — деді аудан басшысы.
Баяндаманы талқылау үшін жарыс-сөзге шыққан ауыл тұрғындары өз сауалдарын қойып тиісті жауаптарын алды. Тұрғындардың сұрақтары негізінен жер телімдері мен үйлерді заңдастыру, жарық, әлеуметтік мәселелер тұрғысында болды.
Жалпы алғанда былтырғы жылы ауданда іргелі істер мен ірі жобалар іске асырылып, көптеген жұмыстар қолға алынды. Аудан, округ әкімдерінің бір жыл бойы атқарған жұмысына округ тұрғындары қанағаттанарлық деген бағасын берді.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ