20 сәуір күні ҰОС Жеңісінің 77 жылдығы және ардагерлер ұйымдарының 35 жылдығына орай ардагерлер арасында дәстүрлі спорттық спартакиада өтті.
Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 63 жастан асқан аталар мен 58 жастан асқан апаларымыз қатысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд, үстел теннисі, волейбол, дартс, жеңіл атлетикалық жүгіру (скандинавиялық таяқпен) сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынасты.
Барлық ауылдық округ ардагерлерінің басын қосқан турнирді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ашып, спорт сүйер қарияларға сәттілік тіледі. Шараға арнайы келген аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев те қатысушыларға ізгі тілектерін айтып, мұндай іс-шаралардың денсаулыққа пайдасымен қатар ұйымшылдық пен ынтымақтастықты арттыратынын жеткізді.
Жарысқа үлкен құлшыныспен келген ардагерлер үздік ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бақты. Қатысушылардың арасында сексенді алқымдаған Нұрғали Өмірзақов, Аманбай Әмірқұлов сынды қарияларымыз да белсенділік танытқандарын ерекше атап өткен жөн. Сайыс нәтижесі бойынша жалпы командалық ойында үшінші орынды Қарасай, екінші орынды Қаракемер, жүлделі бірінші орынды Қордай ауылдық округі иеленді. Тартысты әрі қызықты өткен сайыстың соңында барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Қордай аудандық ардагерлер ұйымы осы спорт додасына қатысқан барша ардагерлерге, жеке кәсіпкерлерге, В.Подшибякин, Н.Садыков, С.Сидоренко, Т.Сәрсембаев сынды турнирдің демеушілеріне шексіз алғыс білдіреді.
Қордай аудандық ардагерлер кеңесі