ЖАРЫС АЛАҢЫНДА – ЕРЕКШЕ ЖАНДАР

0

Елімізде қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні аталып келеді. Бұл дата Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтілуде. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару.

Осы күнге орай ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды. Қордайдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен іс-шараға мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Олар алты топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Ең бастысы – жарысқа қатысушылардың денесі ширап, көңілдері көтеріліп, көрермендерден ақжарма тілектер естіді. Бұл күні күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сынды қасиеттер басты рөлде болды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, бойына аталған қасиеттерді сіңіре білгендер аз болмады. Балақайлар жақсы өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Ашылу салтанатында «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Жамангозов, аудандық мәслихат депутаттары Ә.Омар, Қ.Қыпшақбаева және аудандық «Қордай» мешітінің бас имамы А.Егізбаев жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.

Эстафеталық жарыс қорытындысы бойынша «Жалын», «Тұлпар», «Жүйрік» командалары бірінші орын, ал «Болашақ», «Көгершін», «Қыран» командалары екінші орынды иемденді. Жарысқа қатысушыларға «Amanat» партиясы аудандық филиалы, аудандық спорт бөлімі, аудандық «Қордай» мешітінің демеушілігімен алынған бағалы сыйлықтар және ойыншықтар берілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Ә.Омардың демеушілігімен  Қордай ауылындағы дәмханалардың біріне балаларға арнап мерекелік дастархан жайылды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.