2-3 сәуір күндері Қордай ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған ардагерлер арасындағы дәстүрлі спартакиада өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесі мен аудан әкімдігінің спорт бөлімі ұйымдастырған жарысқа «AMANAT» партиясы қолдау көрсетті. «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, Ұрпаққа үлгі» атауымен өткен бұл шара – бейбіт күннің қадірін арттырып, өскелең ұрпаққа үлгі болатын, маңызы зор спорттық басқосу.
Жарысқа аудан бойынша барлық ауылдық округтерден келген ардагерлер белсене қатысты. Спартакиада тоғыз спорт түрін қамтыды: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд, дартс, үстел теннисі, қол күрес және волейбол.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысушыларды құттықтап, спорт мерекесінің сәтті өтуіне тілектестік білдірді. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ардагерлердің белсенділігіне ризашылық танытып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал спорт ардагері Нұрғали Өмірзақов көпшілікке ақ батасын беріп, бұл дәстүрлі спартакиада ардагерлердің сергек өмір салтын насихаттап, достық пен ынтымақты нығайтатын ортаға айналғандығын атап өтті.