Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан прокуратурасының ұйытқы болуымен мекемеаралық мәжіліс өтіп, күн тәртібінде 2022 жылы және а.ж. өткен кезеңіндегі аудан аумағындағы құқық бұзушылықтар профилактикасы, оның ішінде кәмелет жасқа толмағандармен және оларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша құзырлы органдардың жүргізіп жатқан жұмыстарының тиімділігі туралы мәселе қаралды. Мәжіліс жұмысына аудан әкімі Б.Болатбеков қатысып,
аудан прокуроры Б.Ізбасаров төрағалық етті.
«Кез келген өркениетті мемлекетте өскелең ұрпақтың арасында кездесетін қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күрестің маңызы зор. Қазақстан Республикасының Заңдары баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн, жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекеттен сақтауға және қоғамға жат әрекеттер жасамауына бағытталған. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауының негізгі себептері ол уәкілетті органдар тиісті жұмыс атқармауы, жастардың бос уақыттарын мақсатсыз өткізуі, біреудің есебінен пайда көру, жауапкершілікті сезінбеуі болып табылады. Профилактикалық жұмыстардың тиімді жүргізілмегені салдарынан, кәмелетке толмағандармен құқық бұзушылықтар жасалынып, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар осы жылы да орын алуда», — деді мәжілісті ашқан аудан прокуроры Бірлік Қуатбекұлы.
Ал күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан прокурорының орынбасары Қ.Бекмұратов баяндама жасады.
-Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу өзекті мәселенің бірі болғандықтан уәкілетті органдардың ерекше бақылауында, — деп бастады баяндамашы Қайсар Мұратұлы.
Ресми деректерге келер болсақ, Қордай ауданында 50 384 кәмелетке толмаған бала тұрады (жалпы халықтың 36% құрайды), оның 31 974 мектеп оқушылары. Аталған мектептерге бекітілген 10 мобильдік топтар құрылып, олармен арнайы жұмыс алгоритміне сәйкес шаралар қарастырылуда.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны 2021 жылғы деңгейде, яғни 5 қылмыс болған. Алайда, осы қылмыстарды жасауға қатысқан кәмелетке толмағандардың саны 150 % өсіп отыр, яғни 2021 жылы 4 кәмелетке толмаған жеткіншек қылмыс жасаса, өткен жылы 10 жасөспірім заңсыз әрекетке барған, оның ішінде екеуі мектеп оқушысы, алты колледж білімгерлері және екеуі оқымайтындар.
Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыстардың 80% (5-нің 4-і) ұрлық, 1 қылмыс бұзақылық болып табылады. Қылмыстар, негізінен, түнгі сағат 12-мен 3-тің арасында жасалған. Бұл полиция және уәкілетті органдардың жұмыстары әлсірегенін, ақпарат алмасудың жоқтығынан, әсіресе, мектеп пен колледж тарапынан жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесіздігінен, кәмелетке толмағандар түнгі уақыттарда ата-анасының қадағалауынсыз жүруінен орын алып отыр. Бұл ретте кәмелетке толмағандардың, әсіресе, колледж студенттерінің түнгі ойын-сауық кешендерінде жүруіне тыйым салуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейту қажет. Ол үшін білім бөлімі полициямен бірлесіп ауданның ойын-сауық мекемелерімен ынтымақтастық және көмек көрсету туралы меморандумдар жасау қажет.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен топтық төбелестерге қатысу деректеріне жол бермеуді бақылауға алып, жәбірлеу (буллинг) деректерінің алдын алу керек.
Аудандағы екі мектепте жоғары сынып оқушыларының қатысуымен төбелесу фактілері орын алған. Бұл жағдайларда мектеп директоры мен оның құқықтық-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп инспекторы, психолог пен социолог, сынып жетекшілері оқиғаларға мән бермей, тиісті деңгейде ата-аналар, оқушылар арасында жиналыстар және түсіндірме жұмыстарын жүргізбеген деп айтуға болады. Барлық болған оқиғалар нәтижесімен тек жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартумен шектелуде, ал жасалған шаралар нәтижесіз болғандықтан, бұл бағытта жұмысты жаңа бағытта ұйымдастыру қажеттігі туындауда.
Өкінішке орай, былтыр кәмелетке толмағандар өзіне-өзі қол жұмсаған 2 дерек тіркелді. Аталған деректер негізінде осы бағытта жұмысты күшейту мақсатында аудандық прокуратура тарапынан облыстық білім басқармасына және аудандық білім бөліміне ұсынулар енгізілген.
Баяндамада кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар, яғни жасы 18-ге толмай жатып бойжеткендердің ерте тұрмысқа шығуы, ерте жүктілік туралы да деректер келтірілді. Айтпақшы, былтыр аудан прокуратурасы 2022 жылы үш рет ведомствоаралық мәжілістер өткізіліп, мәжіліс хаттамаларына сәйкес профилактикалық және түсіндірме жұмыстарын күшейту және үнемі жүргізу туралы тапсырылған. Алайда, бүгінгі күнге дейін хаттамада көрсетілген жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Атап айтқанда, оқу орындары мен АПБ бірігіп, түнгі рейдтер жүргізу тапсырылған. Сол сияқты, аудан әкімдігіне ай сайын ауыл әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларының бірлесе атқарып жатқан құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмыстары туралы есептерін тыңдау бүгінгі күнге дейін жүргізілмеген.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактика туралы бейнероликтер ұйымдастырып, облыстық телеарналар, интернет желісі арқылы тарату, профилактика жұмысына үкіметтік емес ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді, еріктілерді (волонтер) тарту жұмыстары атқарылмаған.
Сонымен қатар, былтырғы жылы екі жасөспірімнің үйден кетіп қалу деректері орын алған. Негізгі себептері – үйдегі түсінбеушілік, жанжалдар, отбасы мүшелерімен тіл табыса алмау. Бұл мектеп пен колледж әкімшіліктері және психологтары тарапынан осы проблемалық мәселелерді анықтау бойынша жұмыстарының төмендігін және олардың ата-аналарымен кері байланыстың жоқтығын көрсетеді.
Оқушыларды мектеп автобустарымен тасымалдау кезінде заң бұзушылықтар орын алды. Ауданда 319 мектеп оқушыларын тасылмалдауға 11 автобус қарастырылған. Алайда, денсаулық сақтау ұйымдары мен мектептер арасында шарттық қатынастардың болмауы себебінен автобус жүргізушілері рейс алдындағы және (немесе) рейстен кейінгі медициналық куәландырудан өтпейді, кейбір автобустарда өрт сөндіргіш құралдар, дәрі қобдишасы жоқ, бар болса дәрі-дәрмектердің мерзімі өтіп кеткен.
Аудан прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытында, оларға қатысты қылмыстардың алдын алу бойынша уәкілетті органдардың жұмыстарына талдау жүргізген. 46 мектептің ауласы қоршалғанымен, жергілікті тұрғындардың мектеп ауласы арқылы өтуі, кіруі бақыланбайды, яғни кез келген белгісіз тұлғалардың кіріп кетуі қауіп төндіреді. Бұл ретте әкімдік пен мектеп әкімшілігі бірлесіп, шара қабылдау қажет. Аудан аумағындағы 45 мектептерде 788 дана бейне бақылау құрылғылары орнатылған, №38 және №41 мектептерде бейне бақылау орнатылмаған. Кейбір мектептерде бейнебақылау мониторлары вахтер кабинетінде, кейбір мектептерде мектеп директорының кабинетінде орналасқан. Мектеп директорлары мектептерді аралау, сабақ беру, жиналыстарға, іс-шараларға қатысатындықтан кабинетінде орналасқан бейнекамералар мониторы арқылы бақылау үнемі жүргізілмейді, сондықтан оларды үнемі бақылауды жүргізуге мүмкіншілік беретін бөлек бөлмеге орналастыру қажет. Барлық мектептерде турникеттер орнатылмаған. Мектептерде мамандандырылған күзетшілер жоқ, сондықтан күзетші ретінде вахтерлар жұмыс атқаруда және көбінесе зейнет жасындағы адамдар, әйел кісілер, сондықтан олар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды.
Мәжілісте сөз сөйлеген аудан әкімі Бегзат Болатбек әрбір баланың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмысты күшейтуді тапсырды. Мектеп директорлары мен жауапты мамандар өз жауапкершілігіне мұқият болуы тиіс, күнделікті көз алдында жүрген әр оқушының көңіл күйі мен жүріс-тұрысында өзгеріс байқалған жағадайда шұғыл қамдану қажет. Ешбір бала өз проблемасымен жалғыздан жалғыз қалмауы тиіс. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдын алу шараларын күшейту қажеттігін және бұл ретте мемлекеттік тетіктердің рөлі ғана емес, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдарды, тәуелсіз құқық қорғау институттарын, ата-аналар мен балалардың өздерін тарту маңызды екенін атап өтті.
-Бала тәрбиесі — ұлт болашағы. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, қоғам, мектеп және отбасы бірігіп ынтымақтасып атсалысуымыз қажет, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
-Айтылған сын ескертпелерге сәйкес хаттама қайта әзірленіп, қол қойылған соң орындалу үшін мүдделі органдарға жолданады. Одан басқа, 2023 жылға арналған «Қауіпсіз – Қордай» жобасы жасалды. Жобаның негізгі мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу, проблемалық стратегиялық мәселелерді шешу болып табылады. Хаттамада көрсетілетін іс-шаралардың орындалуы прокуратураның бақылауына алынады, соған байланысты сапалы орындауларыңыз ұсынылады. Мәжіліске қатысып отырған басшылардан жоспарда белгіленген шаралардың тиісті орындалуын жеке қадағалауға алуларыңызды сұраймын, — деп қорытындылады мәжілісті аудан прокуроры Бірлік Қуатбекұлы.
Алуа ТҰРҒАНБАЕВА
ЖАСӨСПІРІМ ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛМАСЫН ДЕСЕК
Prev Post