2025 жылдың 27–29 шілде аралығында Қордай ауданы аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» атты республикалық жедел алдын алу профилактикалық іс-шарасы өткізілді
Аталған шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтардың, әсіресе білім беру ұйымдарының оқушыларына қатысты келеңсіз оқиғалардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, бұл рейд барысында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық әрекеттер мен әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесу көзделді.
Іс-шара барысында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері кешкі және түнгі уақытта көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласы мен қоғамдық орындарда рейдке шығып, ата-аналармен және балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, балалар мен ата-аналарға арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, құқықтық ақпарат берілді.
Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан жастарының қауіпсіздігі мен тәртібіне бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болмақ.
Балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет!