ЖАС АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0

Өткен аптада Қазақстан халқының саны – 20 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 14 қараша күні бір мезгілде дүниеге келген 5 бала бірдей еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Айта кетейік, Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында туылды.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында отандастарды қуанышты жаңалықпен құттықтаған болатын. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы — бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», — деп жазды Президент.

20 миллиондық Қазақстандықтар есебін бастаушы нәрестелер Қордай ауданында да өмірге келді. Осы күні аудан бойынша 10 сәби дүние есігін ашқан. Оның үшеуі – ұл, жетеуі – қыз бала. Өткен бейсенбіде аудандағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі комиссияның өкілдері Қордай аудандық ауруханасының перзентханасына арнайы барып, жас аналарды құттықтап қайтты. Комиссия төрайымы Дамира Сүгірбай, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова, медицина саласының ардагері Сәтбек Саламатов бастаған бір топ азаматтар жас аналарды қуаныштарымен құттықтап,  еліміздің демографиясына қосқан үлестері үшін алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, Қордай ауданы әкімінің атынан аналарға сәбиге арналған жабдықтар жиынтығы табыс етілді.

Әлия Жұманова – шекесі торсықтай екі ұлды дүниеге әкелген жас ана. 34 жасар келіншектің үйінде тағы үш перзенті бар. Көпбалалы ана атанып отырған әйел жергілікті билік өкілдерінің ерекше ықылас көрсетіп жатқандарына ризашылығын білдірді. «Балаларымның есімдерін Омар, Оспан деп қойдық. Ұлдарым ел тарихында елеулі, жарқын дата ретінде сақталатын күні дүниеге келгендіктен, келешектері де кемел, жарқын болады деп сенемін. Халқымыздың саны өсе берсін, несібеміз ортаймасын»,-дейді жас ана.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.