ЖАС ДОМБЫРАШЫЛАР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

0

Жақында Алматы қаласында «Біз бақытты баламыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен халықаралық «Біз бақытты баламыз» атты өнер байқауы өтті. Аталмыш додаға Қақпатас ауылындағы М.Шоқай атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған «Шабыт» домбырашылар ансамблі қатысып, жүлделі оралды.

Ансамбль құрамында Анеля Қадырбек, Айлин Жұмабек, Жанайым Айтим, Дарын Боранқұл, Тахмина Тәуекел, Айсана Болатбек, Самина Сабырбек, Шұғыла Қаржаубай және Айсезім Қасықбай сынды 10-12 жас аралығындағы өнерлі өрендер бар. Жас домбырашылар байқау барысында жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік танытып, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломға ие болды.

Бұл шәкірттерін өнер жолына баулып, домбыра үніне ғашық еткен жетекшісі Армантай Нұрмағанбетовтың да зор еңбегінің нәтижесі. Ұстаздың жүйелі жұмысы мен өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында жас өнерпаздар халықаралық сахнада өз қабілеттерін сәтті дәлелдеп, Қақпатас ауылын қуанышқа бөледі.

Ұстаз А.Нұрмағанбетовті және оның дарынды шәкірттерін шын жүректен құттықтай отырып, болашақта бұдан да биік белестерден көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Ата-аналар

Leave A Reply

Your email address will not be published.