Мадияр Серіков, жас кәсіпкер, қазіргі уақытта бірнеше бизнес-жобаның иесі. Оның жобаларының бір-біріне ұқсамауы, оның әр салада өзін сынап көруі мен жан-жақтылығына дәлел.
Мадияр Ғалымұлы 1993 жылы Қордай ауданында дүниеге келген. Балалық шағы да Қордайда өткен. Ол мектепті аяқтаған соң, «Болашақ – Қытайда» деп Аспан асты еліне барып, сонда білім алуға бел буады. Қытай астанасы Бейжіңге аттанып, «University of International Business and Economics» университетінде «Халықаралық сауда және халықаралық қатынас» факультетін тәмамдады. Осы оқу орнында алған білімінің арқасында, ол қазіргі уақытта кәсіпкерлік әлемінде іс жүргізу тәсілдерін жете меңгереді.
Мадиярдың кәсіпкерлік жолы аудармашылық қызметінен басталады. Әртүрлі тәжірибелер жинақтай отырып, ол зат тасымалдайтын және сатып алатын компанияларда жұмыс істеді. Уақыт өте келе, логистика саласына бет бұрып, онда мықты маман болып қалыптасты. Жеті жыл бойы Қытайда тұрып, кәсібін дамыту барысында, ол бизнес әлеміндегі көптеген қиындықтарды жеңіп, қызмет көрсету мен сауда-саттықтың қыр-сырын игеріп шықты.
Қытай және Қазақстан арасындағы сауда-саттық жайында Мадиярдың пікірлері ерекше. Ол бұл салаға бойлай отырып, Қытаймен жұмыс жасаудың ең тиімді жолы сауда-саттық екенін айтады.
«Қытайдан тауарларды арзан сатып алып, оларды қымбат бағамен сату арқылы шағын бизнестен үлкен бизнеске жетуге болады», — дейді Мадияр.
Оның кәсіпкерлік қызметінде Қытай нарығымен жұмыс жасаудың ерекшеліктері, қытайлықтармен тиімді коммуникация орнату, мәдени айырмашылықтарды ескеру және саудаласу кезінде пайда болатын артықшылықтар туралы көп білуге болады. Оның пікірінше, сәтті бизнес үшін тек сапалы тауар жеткізу емес, сонымен бірге клиентпен дұрыс байланыс орнату да маңызды.
«Барлық ірі қалаларында, әсіресе Шанхай, Гуанчжоу және Пекинде тауар сатып алу үшін түрлі базарлар мен көтерме сауда орталықтары бар. Әр қаланың өзіндік ерекшеліктері бар: Шанхай – әлемдік деңгейдегі сауда орталығы болса, Гуанчжоу қытайлық өнімдердің жиналатын жері. Сондықтан, әр қалада сату стратегияларын дұрыс анықтау аса маңызды», — деп толықтырды жас кәсіпкер.
Кейіпкерімізден сұхбат алу барысында түйгеніміз, біріншіден, Қытай нарығының ерекшеліктерін түсіну үшін міндетті түрде алдын ала зерттеу жүргізу қажет. Бұл зерттеу барысында «Адамдар қайда барып тауар алып жатыр, қалай алып жатыр?», — деген сауалдарға жауап іздеуіміз абзал екен.
Келешекте, Мадияр кәсіпкерлігін жаңа салада жалғастыруды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – қытайлық тауарларды еліміздің нарығына шығарып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту. Осының арқасында, ол тек жеке табыстарын арттырып қана қоймай, сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіпкерлік ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосуды көздейді.
Мадияр Серіковтің бизнес тарихы, жастарға үлгі боларлық мысал. Ол табандылығы мен істеген ісіне деген жауапкершілігін арқасында, бүгінгі күні жастардың кәсіпкерлік әлеміне сеніммен кіруіне үлкен ықпал етеді.