Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәтбек Саламатов және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алтыбаев Мықтыбек аудан аумағындағы әскери заставаға барып, жаңа келген сарбаздармен кездесті.
Кездесу барысында ардагерлер Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлермен еркін әңгімелесіп, ел қорғаудың қасиетті міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери тәртіп пен жауапкершілікке бейімделу бағытында өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Ардагерлер сарбаздарға ел тыныштығын сақтау жолындағы еңбектеріне сәттілік тілеп, аман-есен қызметтерін өткеріп, абыроймен оралуларын тіледі. Соңында Б.Әлімбет жас сарбаздарға ақ батасын беріп, елге адал қызмет етуге, ата-ана аманатына лайық азамат болуға шақырды.
Сонымен қатар, аудандық музей қызметкерлері де іс-шараға қатысып, Қордай ауданының тарихына қатысты танымдық презентация өткізіп, сарбаздарға өлкенің өткені мен рухани мұралары туралы слаид арқылы таныстырды.