Гвардейск гарнизонында Құрлық әскерлеріне қарасты Оқу орталығының 1000-ға жуық жас сарбазы әскери ант қабылдады.
Әскери ант қабылдау – маңызды құқықтық және саяси-тәрбиелік шара. Әскери ант – жауынгерлердің Отанына, халқына, үкіметіне және өзінің әскери борышына адалдығын білдіретін серті.
Әскери ант қабылдау рәсімі карантиндік шектеулерге байланысты сарбаздардың ата-ана, туыстарының қатысуынсыз өткізілді. Әскери бөлім командирі ұлан полковнигі Алмас Доспаев әскери ант қабылдаған жас сарбаздарға әскери ант рәсімінің маңызы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын жеткізіп, жас өрендерді құттықтады және әскери қызметті әрі қарай жалғастыруға патриоттық сезімге бөлейтін рухты сөздер айтып, сарбаздардың бойына күш-жігер ұялатты.
«Бүгін біз салтанатты түрде әскери ант қабылдадық. Бұл мен үшін есте қалатын ерекше күн. Мен, Қарулы Күштердің қатарында Отан алдындағы өз борышымды өтеуге келіп, әскери ант қабылдағаныма өте қуаныштымын. Әскери бөлім басшылығына және офицерлер мен сержанттарға рахметімді айтқым келеді. Олар бізіді жақсы тәрбиелеп, көп нәрсе үйретті. Әскерде барлық жағдай жасалған. Осы сәтті пайдалана отырып, достарыма інілеріме айтарым әскерге келіп, мен секілді Отан алдындағы борыштарын атқарыңдар дегім келеді», — дейді сарбаз Бекмұхамед Атипов.
Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар курсант атағын алып, мотоатқыштар, танкішілер, артиллерия әскери мектептерінде кіші мамандықтар бойынша әскери білімдерін жетілдіреді. Атап айтқанда жаяу ұрыс машинасы мен танк механик-жүргізушісі, көздеуші-операторы, брондалған көліктің механик-жүргізушісі мамандықтары бойынша әскери білім алады. Олармен алдағы уақытта оқу тәрбие жоспарына сәйкес жауынгерлік даярлық сабақтары өткізілетін болады.
Гвардейск гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы
майор Жомарт Тажиханов