Жаңа жыл қарсаңында Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің Оқу орталығында әскери ант қабылдау шарасы өтті. Бұл айтулы күні Отанға адал болуға 620 сарбаз ант беріп, әскер қатарын толықтырды.
Іс-шараға гарнизон бастығы, әскери прокуратура мен әскери полиция өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты. Салтанаттың айрықша мәнін Жауынгерлік тудың әкелінуі және әскери оркестрдің өнер көрсетуі арттырды.
Жеке құрамға сөз сөйлеген Оқу орталығының командирі, гвардия полковнигі Мақсат Турапбаев қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға кіріскен жас әскери қызметшілер алдағы алты ай бойы осы бөлімде қызмет атқарып, дайындықтан өтетінін атап өтті.
«Оқу орталығы заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген. Күн тәртібіне сәйкес сарбаздар өздерінің әскери-есептік мамандықтары мен лауазымдары бойынша мамандандырылған оқу корпустарында жүйелі дайындықтан өтеді. Батыл, кәсіби және жауапты Отан қорғаушыларын қалыптастыру үшін барлық қажетті мүмкіндіктер жасалған», – деп атап өтті командир.
Оқу барысында сарбаздар жауынгерлік машиналардың наводчик-операторы, жүк және жер қазу машиналарының механик-жүргізушісі, көп мақсатты жеңіл броньды тартқыштың маманы, аспаз және басқа да мамандықтарды меңгереді. Жүзеге асырылып жатқан бағдарлама әскери қызметшілерге алдағы қызметіне қажетті берік кәсіби білім мен практикалық дағдыларды алуға мүмкіндік береді.
«Бүгін мен үшін шынымен де ұмытылмас күн. Осы маңызды сәтте жанымда ата-анам болды – олар ұлдарының Отанға қызмет етіп, қорғауға дайын екенін көрді. Менің басты міндетім – олардың сенімін ақтап, әскери борышымды адал атқару», – деп бөлісті мерзімді әскери қызметші Мейрам Қасым.
Оқуды аяқтағаннан кейін әскери қызметшілер Құрлық әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне әрі қарай қызмет өткеру үшін жіберіледі. Түлектерді бөлу олардың дайындық деңгейін, меңгерген мамандықтарын, сондай-ақ әскердің өзекті міндеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі