Жасанды интеллекті пайдалана отырып

0

Жақында аудандық білім бөліміне қарасты М.Х.Дулати атындағы тірек орта мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында жасанды интеллекті пайдалана отырып, дарынды оқушылардың қабілетін жетілдіру» тақырыбында семинар өткізілді. 

Қазіргі заман талабына айналған актуалды мәселе бойынша қазақ тілі мен әдебиет сабағында жасанды интеллекті пайдалана отырып, дарынды оқушылардың білімін жетілдіру тақырыбында өткен семинарды аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Бахрамова алғысөзімен ашып берді. Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімдерге оқушылардың білімін бағалау мен қадағалауды автоматтандыруға, сондай-ақ оқу бағдарламаларын тиімді құруға мол мүмкіндік береді.

«ЖИ технологиялары арқылы әр оқушыға жеке оқыту траекториясы ұсынылады. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды қолдана отырып, оқушылардың қабілеттеріне сәйкес оқу процесін ұйымдастыруға болады. ЖИ жүйелері әр оқушының оқу жылдамдығын, қатесін, оқу барысындағы өзгерістерді бақылай алады»,-деп жеткізді мектеп директоры Жібек Садабаева.

Жасанды интеллект мұғалімдерге де көмек көрсетуі мүмкін. Мысалы, оқытушыға оқушылардың жұмыстары мен тестілерін автоматты түрде бағалау, сабақтың тиімділігін талдау және оқушылардың қажеттіліктері туралы ақпарат беру арқылы оларды оқыту әдісін жетілдіруге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.

Шара соңында, ашық сабақ өткізген ұстаздар Г.Абдарахимова, Ж.Адамбаева, У.Қапарова, З.Омарова мақтау қағазымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.