ЖАСТАРҒА ТАҒЫЛЫМДЫ ЭКСКУРСИЯ

0

Өткен аптада жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында Отар ауылдық округі әкімдігі аппараты мен «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлесуімен «Әскердегі бір күн» атты танымдық экскурсия өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің 12-ші механикаландырылған бригадасы (№30212 әскери бөлім) базасында ұйымдастырылды. Экскурсияға Ноғайбай, Отар, Кенен, Алға, Үлкен Сұлутөр және Сұлутөр ауылдарындағы орта мектептердің 10–11 сынып оқушылары қатысты. Сонымен қатар аталған ауылдық округтердің әкімдері мен жауапты сала мамандары шараға арнайы қатысып, жастарға бағытталған мұндай тағылымды кездесулердің маңыздылығына тоқталды.

Экскурсия барысында оқушылар әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен, сарбаздардың қызмет атқару тәртібімен, әскери жарғы талаптарымен және заманауи әскери техникалардың түрлерімен жан-жақты танысты. Әскери қызметшілер қару-жарақ үлгілерін көрсетіп, олардың қолданылу ерекшеліктері мен қауіпсіздік талаптары туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сондай-ақ сарбаздардың тұрмыс жағдайы, жатын орындары мен асхана жұмысы таныстырылып, әскери қызметтің тәртібі мен жауапкершілігі кеңінен көрсетілді.

Кездесу барысында әскери бөлімнің тәжірибелі офицерлері мен сарбаздары жасөспірімдермен ашық сұхбат жүргізіп, Отан қорғаудың қасиетті борыш екендігін, әскери қызметтің ерлік пен тәртіпке негізделгенін атап өтті. Олар патриоттық рух, елге адал қызмет ету, тәртіп пен төзімділік туралы тағылымды әңгімелер айтты.

Экскурсия соңында қатысушылар Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябаққа барып, батыр рухына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Бұл сәт оқушыларға ел қорғау жолында ерен еңбек еткен тұлғалардың ерлігін дәріптеудің маңызын терең сезіндірді деуге болады.

Айта кетейік, «Әскердегі бір күн» жобасы жыл басынан бері Қордай ауданының 17 ауылдық округінде жүзеге асырылып, 1000-ға жуық жасты қамтыды. Жоба жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және болашақ Отан қорғаушыларды дайындау жолында маңызды бастамалардың бірі болып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.