ЖАСТАР АУҒАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

0

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл. Он жылға созылған майдан даласында мыңдаған азамат қаза тауып, он мыңдаған адам жараланғаны мәлім. Кеңес заманы келмес-ке кетсе де, жыл сайын ақпан айының 15 күні ТМД елдерінде айтулы датаға орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Себебі, бейбітшілік үшін күрескен кешегі батырларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы.

Тарихи күн қарсаңында Сортөбе ауылында «Отанды қорғау – азаматтық парыз» тақырыбында округ жастарының ауған соғысы ардагерлерімен кездесуі өтті. Жастармен жүздесуге Ауған соғысының ардагерлері мен Қордай аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев арнайы келді.
Шараны ашып берген Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Д.Қырғызбаев өз сөзінде: «Мұндай кездесулер елінің азаматы ретінде, болашақ Отан қорғаушы ретінде ауыл жастарының бойларына рух беріп, Отан алдындағы борышын адал өтеуге ынталандырады», – деді .
Еркін форматта өткен басқосу барысында ауыл жастары қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Ауған соғысының тарих қатпарында ерекше оқиға ретінде сақталатынын тілге тиек еткен жастар тәжірибесі мол аға буын өкілдерінен ерлік, отансүйгіштік, қайсарлық пен батылдық сынды асыл қасиеттерге үйрену қажет екенін атап өтті.
Иә, сол бір сұрапыл соғыста оқ пен оттың ортасында жүріп, талай ажалдан аман қалған жауынгерлер – бүгінде елге сыйлы ардагерлер. Жиынға қатысқан олардың әрқайсысы өз ойларымен бөлісіп, өскелең ұрпақты бейбіт өмірді сақтауға, ер азамат ретінде Отанды қорғауға әрқашан дайын болуға шақырды.
Осы форматтағы кездесу №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте де өтті. Мұнда Ауған соғысының ардагерлері Таласбай Терлікбаев пен Серік Шегіров жоғары сынып оқушыларына сұрапыл соғыста қазақстандықтардың жауынгерлік тапсырмаларды қалай орындағанын, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерлігі жайында кеңінен әңгімелеп берді.
– Бүгінгі ерлік сабағы оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сабақ барысында біз оқушыларға патриоттық тәрбие бере алдық деп ойлаймын. Оқушылар ардагерге өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап ала алды. Бұл кездесуден оқушылар әсерленіп, қызығушылықтары арта түскені сөзсіз, – дейді Гвардейск гарнизоны танк взводының командирі Сейткәрім Нұрсейіт.
Шара соңында мектеп басшылығы ерлік сабағын ұйымдастырған әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.