Жастар – еліміздің болашағы

0

Еліміздің ертеңі бүгінгі білімді ұрпақ екені баршаға мәлім. Осы себепті балаларға арналған сапалы білім мен жақсы тәрбие жүйесінің маңызы ерекше.

Екінші тоқсан мұғалім мен оқушылар үшін қарбалас сәттерімен басталды.

Аудандық түрлі байқаулар мен олимпиадалар басталып, оқушының дайындығы артады. Ал, шәкіртін додаға қосқан ұстаз үшін өз еңбегінің жемісін көретін сәті аталған жарыстардағы оқушының жеңісі. Бастауышта алған білім, барлық білімнің берік іргетасы екенін мойындаймыз.

Мектеп табалдырығын аттаған титімдей оқушысына әріп пен санды үйретумен қатар, шығармашылыққа баулитын бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегіне тәнті болмасқа амал жоқ.

Ән менен биге, мәнерлеп оқуға, сахналық қойылымдар арқылы шәкіртін өнерге баулу – мұғалімнің кәсіби шеберлігін көрсетеді.

Осы орайда аудандық білім бөлімінің бастауыш оқу-әдістемелік кабинетінің  меңгерушісі Мая  Ысқаққызының ұйымдастыруымен  түрлі семинарлар мен дөңгелек үстел, байқаулар өтті. Бұл іс-шаралардың мұғалім үшін де, оқушы үшін де берері мол.

Жақында бастауыш сынып оқушылары арасында «Аталы сөз – баталы сөз» сахналық қойылымы мен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы жоғары деңгейде өтті. Сахналық көріністе қазақтың ұлы тұлғаларын сомдап бата берген оқушыларымыз көрермен көзайымына айналып, жүлделі орындарды иеленді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Абай оқуларына 150-ден аса оқушы қатысты. Ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыған, берілген тақырыпқа сай эссе жазған, жоба қорғаған бүлдіршіндердің жүздерінен өздеріне деген сенімділік байқалды.

1-сыныптан бастап Абай өлеңдерінің көркемдік ерекшелігін шәкірт бойына сіңірген,  қара сөздің құдіретін танып, ертеңіне шабыттана қараған оқушы жетістігіне қуанған ұстаздардың еңбегі ең үлкен  құрметке лайық. Істеріңізге сәттілік тілейміз.

Дәмегүл Бақытжанова, Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.