Жастар мен салықтық жоспар талқыға түсті

0

19 қарашада «AMANAT» партиясының аудандық филиалы мәжіліс залында Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, аудандық мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Отырысты кеңес төрағасы Нұрлан Молдабеков жүргізді.

Кеңестегі күн тәртібінің алғашқы сұрақ – аудандағы Жастар ресурстық орталығының 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы болды. Бұл бағытта «Қоғамдық құқықтық тәртіп және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі комиссия» мүшесі Жаңабай Орақбай баяндама жасап, орталықтың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

Баяндамада мәлім болғандай, 2025 жылдың 10 айында жастармен 2026 іс-шара өткізіліп, оған 58 278 жас қамтылған. «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында 197 адам жұмысқа жолданып, 49 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. «Бастау Бизнес» жобасына 63 жас қатысып, оның 12-і грант иегері атанған. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 220 жас маусымдық жұмысқа тартылған. Сонымен қатар, волонтерлік қызметті дамыту мақсатында 250 ерікті жас қатысып 95 іс-шара өткізілген. «Таза Қазақстан» акциясы, «Жұмысшы мамандықтар жылы» т.б бастамалары аясында іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілген. Жастар орталығы «Қазақстандық патриотизмді нығайту жөнінде шаралар қолданады, жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиелеу» жөніндегі шараларды да жүйелі жүзеге асырып келеді.

Осы және өзге жұмыстарды жіпке тізгеннен соң кеңес мүшелері тарапынан түскен сұрақтарға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Әсет Есбосынов және орталық директоры Айғаныш Исраилова жауап берді.

Жиындағы екінші сұрақ – аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының кірістерді есепке алу мен жоспарлы көрсеткіштердің орындалу барысы болды. Аталған тақырып бойынша «Бюджет, қаржы және құрылыс салалары жөніндегі комиссия» хатшысы Мұрат Байгелов баяндама жасады. Баяндамада Республикалық бюджетке 9 айда межедегі 4270,2 млн теңгенің орнына 4497,3 млн теңге кіріс түсіп, меже 105,3 % орындалғаны, 2024 жылы осы мерзіммен салыстырғанда өсім 108,5 % болғаны айтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет бойынша 9 айда мерзімге межеленген 9307,1 млн теңге орнына 9862,3 млн теңге түсіп, жоспар 106 % орындалыпты. 2024 жылғы осы мерзімімен салыстырғанда өсім-109,9 % болған. Оның ішінде салық түсімі 105,6 % орындалғандығы жайында және өзге де бюджеттік түсімдер турасында айтылды. Ал, кеңес мүшелері тарапынан түскен атқарылған жұмыстарға байланысты сұрақтарға аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ғабит Саяков жауап берді.

Талқыға түскен екі сұрақ бойынша жиында шешім жобасы бекітіліп, Қоғамдық кеңес тарапынан, оның ішіндегі комиссияларда көтерілген сұрақтар әрдайым назарда болып, жауапты мекемелерге ұсыныстар берілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.