«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАЛҒАСАДЫ

0

Елбасының бастамасымен құрылған «Жасыл ел» республикалық бағдарламасы биылғы жылы да үздіксіз өз жұмысын жалғастырмақ. Ауданымызды көгалдандыру мен тазалығын сақтауға, жас ұрпақ бойына патриоттық тәрбие беріп, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан жобаға 65-тен астам жастар жұмылдырылмақ. Бүгін Қордай ауданында жаңа маусым салтанатты түрде ашылды.
Қордай ауылы орталық саябағында салтанатты түрде «Жасыл ел» жобасының ашылу болып өтті. Бірінші ауысымға 30 үміткер тіркелген. Бәрі бір түсте киінген жастар сап түзеді. «Жасыл ел» жобасының ашылуына Қордай ауданының құрметті азаматы Төле Сүгірбай мен аудандық Қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Қарамолдаева арнайы шақырылып, жастарға сәттілік тіледі. Әуелі сөз алған Төле Сүгірбай жастарды дәйім бірлікке шақырса, Баян Нәзікеқызы оларды қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға үндеді. Бұл жұмыстардың басы-қасында болатын ол, әрине «Жастар ресурстық орталығы».
-Бұл жобаға аудандық бюджеттен арнайы қаржы қаралып, осы жылы аудан бойынша екі лекте, яғни мамыр-маусым және қыркүйек-қазан айларында 65 жас жұмысқа тартылады. Олар өңіріміздің көркеюіне өз үлестерін қосатын болады. Сонымен қатар, мұнда жастар арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында аудандағы колледж білімгерлері, жұмыссыз жастар, пробация қызметінде есепте тұрған жастар жұмысқа қамтылады, — дейді орталық директоры Расул Беделбаев.
Осылайша қонақтардың батасы алған жастар бүгіннен бастап жұмысқа кірісіп кетті. Олар ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйіне барды. Ардагерлермен кездесіп, үй-тұрмыстық жұмыстарына көмек көрсетті. Мәселен, қыздар қауымы үйдің ішкі жұмыстарын жасаса, ұлдар бау-бақша тазалығын қолға алды. Олар енді бос уақыттарында осындай жұмыстармен айналысатын болады. Тыл ардагерлері мен жалғаз басты қарттарға да қамқорлық танытпақ. Айта кетерлігі, жастар бір ай бойы атқарған жұмыстары үшін 50 мың теңгелік ақы төленеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.