Сенбі күні Қордай ауданының барлық елді мекендерінде көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Түрлі мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары атсалысқан сенбілік барысында жиырма мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылып, ондаған тонна күл қоқыс шығарылды.
Естеріңізге сала кетсек, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Наурыз мейрамын жаңаша атап өтуді ұсынған болатын. Осылайша айналадағы көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңдауына алаңдаған Президент «Таза табиғат» жобасын қолға алуды тапсырып, бұл үрдіс бұдан былай халықтың тұрақты өмір сүру салтына айналуы тиіс екенін қадап айтты.
«Бабаларымыз әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы», — деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл ұсынысы Қордай ауданында кеңінен қолдау тауып, сенбі күні аудан басшысы Рүстем Дәулеттің бастамасымен Қордай ауылының Елім-ай, Жібек жолы көшелерінің бойына және әрбір ауылдық округтегі арнайы белгіленген орындарға жасыл желек отырғызылып, ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Мысалы, бұл күні Қордай ауылының шекара бекетіне жақын маңындағы Елім-ай көшесінің бойына жүзден астам қарағай көшеттері отырғызылып, бүтін бір саябақ бой көтерді. Іс-шараға аудан басшысы, аудан әкімінің орнбасарлары, аудан әкімдігіне қарасты бөлім және мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері бір кісідей атсалысты. Айта кетсек, дәл осындай ауқымды көгалдандыру жұмыстары Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінде де ұйымдастырылды.
Әлібек ОСПАНОВ