Жат діни көзқарасы бар азаматтарды оңалту мәселесі талқыланды

0

Сәрсенбі күні Қордай ауданы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының отырысы өтті. Аудан әкімдігі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, аудандық бас имам Әлмұхаммед Егізбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері және ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары қатысты.

Комиссия отырысында белгілі болғандай ауданымызда, қала берді елімізде деструктивті діни идеологияларды ұстанушылардың саны көбеймесе, азайған жоқ. Деструктивті діни ағым жетегінде кеткендерді кері қайтару оңай шаруа емес. Сол себепті де елімізде бірқатар іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Соның бірі ретінде өткен жиында аудандағы жат діни көзқарасы бар азаматтарды оңалту мәселесі талқыланды. Мамандардың айтуынша,  деструктивті діни ағымға еріп кетету себептері күрделі, ол діни білімнің жеткіліксіздігімен қатар, жеке психологиялық проблемаларды, әлеуметтік жағдайды да қамтиды. Осыған байланысты дәстүрлі емес діни көзқарасы бар азаматтар заман ағысынан алшақтап, қоғамдық өмірден баз кешеді.

Нұрболат Сатымқұл осындай азаматтарды қоғамнан алшақтатпай, керісінше олармен әрдайым сұхбат құрып, көмек қолын созу қажет екенін атап өтті.

— Ол азаматтардың тұрмыстық жағдайын зерделеу керек. Мүмкін әлеуметтік көмекке зәру шығар, болмаса жұмыссыз жүрген шығар, мемлекеттен көрсетілетін көмекті оларға жеткізу қажет. Сонымен қатар, дәстүрлі емес діни көзқарасы бар азаматтарды қоғамдық өмірге араласуға көмектесуді де ұмытпаған жөн. Жылдар бойы жинақтаған теріс түсінікті бір сәтте өзгерту мүмкін емес. Бұл жұмысқа өте тиянақты қарау керек, — деген Нұрболат Сатымқұл терроризмге қарсы комиссиясының жұмысын жандандыру керектігін баса айтты.

Жиында комиссияның алдағы жоспар мен міндеттері талқыланып, бұл маңызды жұмысқа жаңаша көзқараспен білек сыбана кірісу қажеттігі айтылды. Отырыста ауданның бас имамы Әлмұхаммед Егізбаев мешіт имамдары әрқашан осы жұмысқа дайын екенін атап өтіп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.