Жаз мезгілі келіп, білім беру мекемелерінде қызметкерлер тиісті еңбек демалысына шыға бастады. Әр қызметкердің еңбек демалыс күндері әр түрлі болады. Осы ретте Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитетіне еңбек демалысының мөлшері, сауықтыру жәрдемақы, еңбек демалысының күндері туралы көпетеген сұрақтар келіп түсуде.
Осы сұрақ бойынша төмендегідей кеңес беріледі.
2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 87 бабы 2 тармағына сай жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.
Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:
1) жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы;
2) жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы (ҚР ЕК 87 бабы 3 тармағы).
Жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі (ҚР ЕК 92 бабы 1 тармағы)..
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – ол басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі (ҚР ЕК 92 бабы 4 тармағы)..
Демалыс беру, ауыстыру не жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алу жұмыс берушінің актісімен ресімделеді (ҚР ЕК 92 бабы 6 тармағы).
Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді (ҚР ЕК 93 бабы 1 тармағы).
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады (ҚР ЕК 91 бабы).
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы келесі жағдайларда:
- жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіз болғанда;
- жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезінде толық немесе оның бір бөлігі ауыстырылады (ҚР ЕК 94 бабы 1 тармағы)..
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.
Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қоса атқарушы жұмыскердің өтініші бойынша оған демалыстар ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақы сақталмайтын демалыс береді (ҚР ЕК 92 бабы 5 тармағы).
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі (ҚР ЕК 90 бабы 1 тармағы).
2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12 бабының 3), 4) тармақшаларына сай педагогтерге ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына және өздеріне кезекті еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыға кепілдік беріледі.
ҚР ЕК 139 бабы 10 тармағына сай мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.
Педагог лауазымдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 145 бұйрығымен бекітілген.
Тиісінше, Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы төмендегідей ұзақтықта беріледі:
— педагогикалық емес лауазымдағы азаматтық қызметшілерге — 30 күнтізбелік күннен кем емес (ҚР ЕК 139-бап 10-т.);
— педагогтарға — 56 күнтізбелік күн (ҚР «Педагог мәртебесі» Заңының 12-бабы 3-т.);
— біліктілігі жоқ жұмысшыларға — 24 күнтізбелік күн (ҚР ЕК 88-бап).
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Адами капиталды, білім және ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ және «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ арасында жасалған Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ САЛАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ 6.8 тармағына сай түрлеріне, типтеріне және меншік нысандарына қарамастан барлық ұйымдардың педагогтеріне ұзақтығы 56 (елу алты) күнтізбелік күнді құрайтын жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы беріледі.
Тамыз және қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде беріледі.
Аталған Келісімнің 9.2 тармағына сай Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде лауазымдық жалақысы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеуді қамтамасыз етуге келісті. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген мұғалімдерге, оқытушыларға, қосымша білім беру педагогтарына, тәрбиешілерге, басқа да педагогтарға сауықтыру жәрдемақысының мөлшері олардың демалыс берілген күнгі нақты оқу жүктемесінен есептеледі. Қызметін қоса жұмыс істейтін адамдарға жәрдемақы жалпы негіздерде тағайындалады және төленеді (негізгі лауазымы бойынша да, қоса атқаратын жұмыс бойынша да).
Осы ретте, ағымдағы жылы 2023-2024 жылдардағы еңбек кезеңдері үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстары:
2023 жылғы тамыз және қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге 56 күнтізбелік күнге;
2023 жылғы қараша айынан бастап жұмысқа қабылданған педагогтерге жұмыс атқарған кезеңдері үшін (есептеуі (56 күнтізбелік күн / 12 ай) * нақты жұмыс жасаған айларының саны);
2023 жылғы мектеп ашылған уақыттан бастап жұмысқа қабылданған әкімшілік-қосалқы персонал мен жұмысшыларға жұмыс атқарған кезеңдері үшін беріледі.
Бауыржан Алпысбаев, Қордай ауданы бойынша кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекторы